Сапа үшін сан қиындықтан өткен жол

4743

0

2009 жылдың қаңтарынан бастап Қызылорда қаласында мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына қарасты облыстағы құрылыс нысандарының сапасын қадағалайтын «ҚызылордаҚұрылысСапа» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорыны ашылған болатын. Халық аузында «ГАСК» деп қысқартылып айтылатын басқармаға қарасты бұл кәсіпорынның міндеті біршама мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттырып, құрылыс сапасын қамқорлыққа алып қадағалау еді. Мекемеде басқару аппараты, техникалық қадағалау бөлімі және сынақ зертханасы жұмыс істеді. Жұмыс істеді дегеннен гөрі, жұмыс бастауға ниетті еді деген дұрысырақ.

1985 жылы Алматы инженерлер транспорты институтын, 2002 жылы Қазақстан-Ресей халықаралық университетін инженер мамандығы бойынша бітірген Асылбек Қалышев осы жұмысқа келгенде оған мекеме басшысы үлкен жауапкершілік артты. Алдымен зертхананы жабдықтау үшін мемлекеттен бөлінген 73 млн теңгеге алынған зертхана қондырғыларын маман есебінде орын-орнына қою, яғни, «Пресс ИП 100», «Разрывная машина Р-100», «вибратор» деп аталатын және басқа да стационарлы, мобильді қондырғылардың толық жұмыс жасайтындығына көз жеткізіп, комплектациясын түгелдеу жұмысы жүктелді.

Қаңтар айының бастапқы күндері еді. Мақсат көктем шығып, күн жылығанша мекеменің толыққанды жұмыс жасауына жағдай туғызу. Асылбек «ҚызылордаҚұрылысСапа» МКК сынақ зертханасында жұмыс жасап жатқан алғашқы маман болатын.

Зертхана қондырғылары бір бөлмеде үйіліп, қалай болса солай жайғаспаған күйде жатты. Жаңа жабдықтардың жақында келгендігі көрініп тұр. Жас маман жанына бұрыннан таныс досы Марков Леонидті алып жұмысты бастап кетті. Аязды күннің алғашқы жұмысы жер қазу мен темір бетон құюдан басталды. Шыдамың жетсе істе, жетпесе таста дегендей бір сынақ болды. Бірақ жастайынан еңбекпен есейіп, ауырдың астымен жүрген Асылбек өзінің білек күшін де, білім күшін де дәлелдеп шықты.

Қаңтар мен ақпанның аязды күндеріндегі осындай жанкешті жұмыстардың арқасында наурыз айының ортасында зертхана жұмысы толық іске қосылды. Барлық қондырғылармен жабдықталып, жұмыс орны тап-тұйнақтай ретке келді. Жас маман осыдан кейін ғана, басшыға тапсырманы толық орындағанын көрсетіп,  жұмысқа қабылданды.

Сөйтіп, «ҚызылордаҚұрылысСапа» МКК деп аталған облыстағы құрылыс материалдарының сапасына сынама жасайтын жаңа мекеме бой көтерді. Құрылыс мердігерлеріне таныла бастады. Содан жұмыс жалғасын тауып, сапалы қызмет көрсету жолына түскен. Бірақ, мекеменің аккредиттелуі керек. Бастық енді жетекші маман Асылбек Қалышевқа мекемені аккредитациядан өткізу үшін құжат дайындауды міндеттеді. Бұл жұмыс та орындалды. Зертханасы бар «ҚызылордаҚұрылысСапа» МКК мекемесі Ұлттық Аккредиттеу орталығынан арнайы аккредитациядан өтіп, куәлігін алды.

Ақырында бұл мекеме егеменді еліміздің құрылыс саласының дамуы барысындағы Қызылорда облысындағы құрылыс материалдарының  барлық  түрінің сапасын зерттеп-зерделеп қорытынды бере алатын бірден-бір мекемеге айналды. Сол кездегі сәулет, құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нәжмедин Шамұратов осы мекеменің құрылуына тікелей бастамашы болды.

Мекеме екі жыл қызмет атқарды. Үшінші жылы жұмыс ырғағы бұзылып, басшылар жиі ауыса бастады. 2011 жылдың аяғында соңғы басшы болып келген азамат «ҚызылордаҚұрылысСапа» МКК-ның жұмысын тоқтатты. Мекеме жабылды.

2012 жылдың басында «ГАСК»-ге Ерғанат Кеулімжаев басшы болып келді. Ол Асылбекті шақырып, өзі қолдан жинаған зертхана қондырғыларының жоғалмауына, оны күнделікті қадағалап, еге болуын өтінді.

2013 жылы сынақ зертханасының барлық жабдықтары «Байқоңыр» ӘКК (әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы) теңгеріміне өткізілді. Сол кездегі   корпорация басшысы Жанат Самат мекеме теңгерімін негізгі қорға қабылдап, мекеменің негізгі мүлік-қорын «Алтын қамба» агрохолдинг базасында сақтауға берді.

Қомақты қаржыға келген зертхана қондырғылары осылайша қызмет көрсету қабілетінен айрылып, қаңырап тұрды. Мекеменің зертхана қондырғылары мердігерлер үшін өз пайдасын тигізе алмады, құрылыс сапасына үлес қосу қызметінен тыс қалды.

  Осы кезде сол қондырғыларды іске қосуды мақсат еткен алматылық «Инженерно-конструкторское Бюро» ЖШС Қызылордаға келіп, өз филиалын басқаруды Қалышевқа тапсырды. 

Мекеменің жұмыс қабілеті көрініп тұрды. Сондықтан, 2013 жылы 14 қарашасы күні сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен филиал қайта құрылды. Өйткені, құрылыстың сапасына сынама жүргізу өзекті мәселенің бірі болатын. Осыған орай сала маманы А.Қалышев облыс басшысының қабылдауында болған еді. «Байқоңыр» ӘКК мамандары бұл жаңа зертханасының басшылығына А.Қалышевты ұсынды. Сөйтіп, ол қайта құрылған «СтандартСтройСервис  LTD» ЖШС-ін басқаруды қолға алды.

Содан, жаңа мекеме лаборатория жабдықтарымен толықтырылды, аккредитация, аттестация, мемлекеттік тіркеуден қайта өту жұмыстары рет-ретімен атқарылды. Себебі, бұрынғы тіркеу 5 жылға ғана жарайтын.

Осы мекеме қазіргі таңда ел игілігіне толыққанды қызмет көрсетіп келеді. Бұл күнге ұжым мамандарының тер төккен еңбегі жеткізді, зертхана облыстың құрылыс сапасының өсуіне жаңа серпін беріп, өзіндік жолы қалыптасқан, жұрт санаса білетін мекемеге айналды.

2014 жылы облыс әкімінің ықпалымен өмірге келген тың жоба аясында қаланың тұрғын үйлері жөнделіп, модернизациядан өтуге тиіс болатын. Осы жұмыс барысына мекеменің эксперт аттестаты бар мамандары қорытынды беріп, басталған іс сапасының жақсара түсуіне септесті. Бұл жұмыста сынақ зертханасының үлесі зор болды. Тынымсыз еңбектің арқасында 126 тұрғын үй қайта жөндеуден өтіп, жаңартылып, қала көркін ажарландырып,  тұрғындардың алғысын алды.

Осындай мінсіз жұмыстарды атқара беру үшін сынақ зертханасы әлі де заманауи құрал-жабдықтармен толықтырыла түсуі қажет. Бұл – әрине, заман талабы.

Кезінде осы мекеме Сырдарияның сол жағалауында бой көтеріп келе жатқан  қала құрылысын сынамадан өткізді. Ол үшін олар шет елдердің озық тәжірибесін пайдалануға қабілетті болды. Сондай-ақ, бұл сынақ зертханасы қала ішінде ғана емес, облыс көлемінде де игілікті істердің басы-қасынан табылып жүр.

Қызылорда қаласында дарияның екі жағасын қосатын ұзындығы 387 метр көпірге, Арал ауданындағы Шарткен ата, Тереңөзек-Шаған, Ақтам-Қарғалы, Қарлан, Әлсейіт, Шіркейлі каналының көпірлеріне техникалық қадағалаумен қатар, сапасына зертханалық қызмет көрсету жұмыстарын атқарды.

Сондай-ақ, көптеген елді-мекендегі көшелердің күрделі және орташа жөнделуіне техникалық эксперттік сараптама қорытындысын бере отырып, атқарылған жұмыстардың зертханалық сапасын анықтауға өз қолтаңбасын қосты.

Шиелі ауданындағы Ә.Тәжібаев, Бидайкөл, Ақмая, Бестам, Бәйгеқұм ауылдарындағы амбулатория, клуб үйлерінің бұрынғы ғимараттарының жай-күйіне техникалық сараптама жасалып, апаттық жағдайда тұрғаны анықталып, олардың қайта салынуына зертханалық сүйемел қызметтерін көрсетті.  Мұндай іспен айналысуға құқы бар «Сартөбе», «КZ Стройэкспорт» секілді мекемелер де жұмыс істейді.

Алайда, әр мекеменің өз жолы, өз артықшылығы бар. «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС – аккредиттеу субъектісі. Оның сынақ зертханасы, техникалық сарапшысы бар. 

Мәселен, жол құрылысына арналған – құмның, грунттардың, мұнай битумы, құрылыс ерітінділері, керамикалық кірпіштер, тастар, жеңіл бетондар, портланд цементтердің нормативтік құжаттар бойынша  тиісті көрсеткіштерін анықтап, сынама жүргізілуі қажет. Дәл осы жұмыстың еліміз бойынша әлсізденіп тұрғаны жасырын емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр», – деп атап өтуінде де сол мән жатыр.

Жол салатын мекеме өзі қолданатын материалдарды зертханадан өткізіп, сынама қорытындысы оң нәтиже бергенде ғана құрылыс жұмысы басталу керек.

Ғимараттар салу ісінде де солай. Құрылыс жұмысы басталмай тұрып, геологиялық зерттеу жұмыстары атқарылуы тиіс. Мұнымен арнайы лицензиясы бар мекемелер айналысады. Мәселен, геологиялық зерттеу дұрыс болмаса ол ғимараттың құлап қалу қаупі бар. Оның себебі, ғимарат іргетасы асты қуыс жерлерге құйылуы мүмкін. Осындай жағдайлар қайбір жылы Қарағандыда орын алды.

«СтандартСтройСервис LTD» азаматтық құрылыстардың, оның ішінде көпірлердің, барлық құрылыс материалдардың сапасына сынама жүргізу бойынша бүгінгі таңда бірегей мекеме саналады.

Алайда, сынақ мекемесі жұмысты үлкен, кіші деп қарамайды, оның басты мақсаты тұтынушылардың өз игілігіне сапалы және қауіпсіз жағдайда қол жеткізуі. Сондықтан да ол азаматтық құрылыстардың сапасын арттырумен қатар, техникалық қадағалау қызметтерін де өз міндетіне жатқыза біледі, тұрғынүй, басқа да ғимараттардың жай-күйіне, деңгейіне апаттық немесе күрделі жөндеуге жату-жатпауын эксперттік сараптамадан өткізу жұмыстарын атқарады.

2019 жылы Арыс қаласындағы апаттық жағдайға байланысты Қазақстанның құрметті құрылысшысы А.Қалышев басқаратын мекеме де облыс жасақтаған құрылыс мердігер компанияларының алғашқы шебінде қызмет атқарды. Қираған ғимараттарға, үйлердің жай-күйіне эксперт мамандарымен бірге қорытынды беріп, жөндеу жұмыстарының қай түріне жататындығын нақтылады. Тегін сараптама қызметін көрсетті.

 Жыл қорытындысы бойынша Арыстағы төтенше жағдайдан кейінгі қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына үлесін қосқаны үшін облыстық құрылыс бақылау басқармасының Алғыс хатымен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл мекеме жаңа эксперт мамандармен толықтырылып, Қызылорда облысының барлық аудандарында ғимараттардың және жеке үйлердің жәй-күйлеріне техникалық талдау жасап, эксперттік қорытындылар берді. Шиелі ауданындағы бірнеше елді мекенде салынған әлеуметтік нысандарға байланысты атқарған жұмыстары үшін ақы алмады.

Биыл Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі 140 орындық мектепке тегін сараптама жүргізіліп, қорытындысында оның апаттық жағдайы танылып, облыс әкімінің қолдауымен жаңа мектеп салу қолға алынды.    

Ұжым елді мекендердегі тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, облыс орталығындағы жетім балалар үйінде құрбан айт мерекесіне орай құрбандық шалып, мейірімге мұқтаж жандарды қуантуды ешқашан ұмытқан емес.

Мекеме зертханасы құрылыс сапасының өсуіне жаңа серпін беріп, қазіргі таңда 14 жылдық тарихымен аймағымыздың өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатыр.

Өткен жылы «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС техникалық қадағалаушы мамандарын қайта тіркеп, мерзімді аккредиттеуден өтті. Заман талабы сол, демек, мекеме сапа үшін деген өз бағытын жаңаша түрде жалғастыруға дайын.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<