Шағын және орта бизнес қарқыны қай өңірлерде азайды?

956

0

Биылғы жартыжылдықта жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері 3%-ға артты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала болжанғандай, 2020 жылы іскерлік белсенділіктің төмендеуінен кейін биылғы жартыжылдықта шағын және орта бизнес өсім көрсетіп отыр. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны шамамен 3%-ға өсті. Бірақ, жалпы республикалық өсімге қарамастан, бірқатар өңірлерде олардың саны азайды», – деп атап өтті Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, төмендеу Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады.

«Әкімдерге өз өңірлерінде шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуды жеке бақылауға алу маңызды. Пандемия кезінде отандық өндірушілерді қолдау – дағдарысқа қарсы басты шаралардың бірі болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<