Тереңөзекте бұрынғы «Универмаг» қайта жанданды

666

0


Кәсіпкерлік саласында жиырма жылдан бері жемісті еңбек етіп, халық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан Сәбит Жұбан мен Мәдина Омарова жеке кәсібін кеңейтіп, Тереңөзектегі бұрынғы «Универмаг» дүкенінің ғимаратынан жаңадан сауда орталығын ашты. Бұл аудан халқы көптен күткен жағымды жаңалық болды. Қуанышты хабар сәрсенбінің сәтімен тұспа-тұс келіп, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге қос қабатты сауда орталығын аралап, тұрғындармен пікірлестік.


Бұрынғы «Универмаг» дүкенінің ғимараты бұған дейін «Ақжол» мейрамханасы ретінде халыққа қызмет көрсетті. Пандемия талаптары халықтың той-томалақ жасауға деген сұранысын күрт тежеп, тойхана бизнесі кенжелеп қалған тұста кәсіпкер Сәбит Жұбан мен Мәдина Омарова отбасылық кәсібін өркендету және халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында аталған нысанды сатып алып, дүкен ашуды мақсат етті. Бұл өте орынды әрі құптарлық шешім болды.

Міне, жұмысын жаңадан бастаған «Serikbol» сауда орталығы осылайша халыққа есігін айқара ашты.


Аудан басшысы Мұрат Ергешбаев сауда нысанын аралау барысында дүкен иелерімен сөйлесіп, тілектестігін білдіріп, халыққа жасап жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ дүкеннің ашылуын көптеп күтіп, арзан әрі қолжетімді бағада қажетті заттарын сатып алып жатқан тұрғындармен де пікірлесті.


– Мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға, кәсіпкерлерді қолдауға ынталы. Себебі жеке кәсіпкерлік дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал халық жұмыспен қамтылса, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, саяси тұрақтылық болады. Сондықтан аудан орталығынан осындай жаңа, кең, таза дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. Кәсіптеріңізге береке берсін, – деді аудан әкімі.


Өз кезегінде дүкен иесі Сәбит Жұбан мен Мәдина Омарова аудан басшысы бастаған меймандарға дүкен сөрелеріндегі заттарды таныстырып, жоспарлары жөнінде ақпарат берді.

Дүкеннің бірінші қабатына азық-түлік тауарлары, жеміс-жидек, ет-сүт және бақша өнімдері қойылса, екінші қабатта тұрмыстық техникалар, ойыншықтар, кәдесыйлар, көрпе-жастық пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар бар екен. Бір сөзбен айтқанда, енді аудан тұрғындары қалаға барып әуре болмаса да болады. Не іздесеңіз, соның бәрі «Serikbol» сауда орталығында бар.


Біз дүкеннің ашылуына орай сауда жасауға келген тұрғындармен де пікірлестік. Еңбек ардагерлері бұрынғы «Универмагтың» қайта жанданғанына ризашылығын білдірсе, жас аналар дастарханға қажетті дәмнің бәрі жаңа дүкенде бар екенін айтып, қуаныштарымен бөлісті. Жастар жағы туған күн мен мерекелерде сыйға тартуға жарайтын кәдесыйлардың дүкен сөрелеріне қойылғанын жоғары бағалады.


Аудан әкімі дүкенді толық аралап, кәсіп иелерінің жұмысына сәттілік тіледі. Дүкен иелері халыққа қажетті заттар қолжетімді, арзан бағада саудаланатынын айтып, ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қоса беретіндерін жеткізді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,

Сырдария ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз