Төтенше жағдай және карантин режимінің шағын және орта кәсіпкерлікке әсері

524

0

COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі енгізіліп, 30 наурыздан бастап облыста карантин режимі енгізілді.

Бірқатар шектеулерді қамтитын режим шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кері әсерін тигізбей өтпеді.

Облыста 51 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, оның 74,3 пайызы жұмысын уақытша тоқтатты.

Сәйкесінше, ШОК-те жұмыспен қамтылған 95 мыңға жуық жұмыс күшінің 49 пайызы еңбек етіп, қалған 51 пайызы уақытша жұмыссыздар қатарында болды.

Осыған орай, Үкімет тарапынан ШОК-ті қолдау мақсатында салықтардан босату, несие төлемдерін кейінге шегеру, нысандарды жалға алудан босату, мемлекеттік бағдарламалар аясында қосымша қаражаттар бөлу түріндегі жедел экономикалық шаралар қабылданды.

Біріншіден, салық және кеден берешегін, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар 25 мыңға жуық субъектінің банк шоттарына қойылған шектеулер кері қайтарылды. 

Екіншіден, мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордан жалға алып отырған мүліктердің жалға алу құнын шағын және орта кәсіпкерлері үшін 3 айға босату туралы 23,9 млн. теңгеге қосымша 308 келісім жасалынды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері коммерциялық мақсаттағы ғимараттарды жалға алу құнынан босатылып, жеңілдіктің жалпы сомасы 351 млн. теңгені құрады.

Үшіншіден, ШОК субъектілерінің екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарынан алған 1 990 несиесі үш айға кейінге шегерілді.

Айта кету қажет, жуырдағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдайдан кейін ШОК сауықтыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландыру шарттары жетілдіріліп, бюджеттен қосымша қаражаттар тартылуда. 

Биылғы жылы, «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қаралған 1,7 млрд. теңге қаражат 3,42 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Сондай-ақ,нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласына шағын несие беру құралына бөлінген 250 млн. теңгені 500 млн. теңгеге дейін көбейтілуде.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 10 сәуірдегі отырысында шағын және орта бизнесті тоқыраудан шығарып, кезең-кезеңмен жандандыру туралы тапсырма берді.

Осыған орай, облыста 29 сәуірден бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне кезең-кезеңмен рұқсат етілуде. Атап айтқанда, бірінші кезең 29 сәуірден, екінші кезең 4 мамырдан, үшінші кезең 11 мамырдан, төртінші кезең 18 мамырдан, бесінші кезең 25 мамырдан басталды.

Бүгінгі күні күшейтілген санитарлық режимде барлығы 47 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісінде 90 мыңнан аса адам жұмысын қайта жандандырды.

Ф.Қожабергенов,

облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз