Жұмысы сан салалы серіктестік

328

0

Байқоңырлық кәсіпкерлер мал шаруашылығын өркендету, халыққа қызмет көрсету, сауда саласымен бірге құрылыс бұйымдарын өндіруде де аудан бойынша көш басында тұр. Бизнес аясын кеңейтіп, елге түрлі бағытта тиімді қызмет ұсынған мекеменің бірі – кәсіпкер Сейфулла Әжмолдаев басқаратын «Мир-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жүзден астам түрлі мамандық иесін тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеменің бірнеше май құю және көлік жөндеу стансасы, пластикалық есік-терезе шығаратын цехы, түрлі бағыттағы бірнеше сауда орталығы халыққа сапалы қызмет көрсетуде.

Серіктестікте бетон бұйымдарын шығаратын екі цех жұмыс істейді. Соның бірі – Жосалы кентіндегі №1 индустриялық аймақта орналасқан бетон бұйымдарын өндіретін цех. Қазір мамандар тұтынушылар тапсырысын уақытылы әрі сапалы орындауда қызу жұмыс үстінде.

– Биыл Жалағаш, Сырдария, Арал, Қазалы аудандарынан және Жосалы кенті мен Дүр Оңғар, Ақтөбе, Тұрмағамбет елді мекендері тұрғындарынан тапсырыс көптеп түсуде. Біз брусчатканың «Калифорния», «Паучук», «Паркет», «Соты» және «Солнце» деген түрін, сонымен қатар қабырғалық, дуалдық және тұрғын үй сыртын қалауға арналған газоблоктар жасап шығарудамыз. Найза Ибраев, Шакар Шүйішбаев, Мақсұт Нұрмаханов, Нұржан Нұрмахан және Асылзат Ағисов сынды өз ісінің мамандары тұтынушылар тапсырысын сапалы орындауда аянбай еңбек етуде. Жылдан жылға кәсібіміз кеңейіп, тапсырыс­тар тек ауылдардан ғана емес, көршілес аудандардан да түсуде. Басшылық тарапынан да қолдауға ие болып, брусчатканың басқа да түрлерін өңдеуді жоспарлап отырмыз. Арамызда жас та болса өз ісінің білгірі атанған дизайнерлер баршылық. Олар әрдайым әдемілікке, сұлулыққа, жаңашылдыққа бейім. Көп ізденеді, талап та жоғары. Міне, осындай кезде біз олардың көмегіне жүгінеміз, – дейді мекеме басшысының өндірістік іс бойынша орынбасары Ерлібек Төлепбергенов.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<