«Мамандықты сұранысқа сай таңдау керек»

163

0

Қазалылық Ақниет Асамбек электрик мамандығына бала күнінен бейімделіп өскен.

– 2017 жылы Әйтеке би кентіндегі №204 орта мектептің 9-сыныбын бітірдім. Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне түсіп, «Электр жабдықтарына қызмет көрсету электр монтері» мамандығын алып шықтым. Колледж қабырғасында үздік студент атанып, шәкіртақы алдым. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, жетістіктерге жеттім. Ұстаздар  білгенін үйретіп, шыңдады. Оқуды бітірген соң «Энергомера» ЖШС мекемесіне электромонтер болып қызметке орналастым. Былтырдан бастап  «Қамқор» локомотив зауытына ауыстым, слесарь-электрмонтермін, – дейді ол.

Ақниеттің айтуынша, мамандықты беделіне қарай емес, уақыт сұранысына сай таңдау керек. Жастардың көбі қарапайым жұмысшы болуды армандамайды.

Керісінше, қоғамда екінің бірі түсіп жатқан мамандықты таңдауға бейім. Қазір қолында дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жастар көп. Екі қолға бір күрек таба алмай, түйіндемесін әр мекемеге тасып жүргендерді де көріп жүрміз. Сондықтан болар, мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген ұғым қалыптасқаны.

– Қауіпті мамандық болғандықтан қателесуге болмайды. Көпшілік арасында «электрик бір-ақ рет қателеседі» деген астарлы сөз бар. Үнемі жоғары, төменгі кернеулі тоқпен жұмыс істейтін болған соң, техника қауіпсіздігіне жете мән береміз. Бұл – бұлжымас шарт. Жұмыс кезінде аса сақ болу керек. Бізге артылар жауапкершілік жүгі де ауыр. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына электр желілерін тарту, бағана басына шығып, электр желілерін жаңғырту жұмыстарын да атқарамын. Жан қалауымен таңдаған мамандық болған соң, жұмысым ұнайды. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түскім келеді, – дейді ол.

Ақниет – бүгінде әбден машықтанған маман. Жас болса да, білгені мен түйгені бар. Қара жұмыстан қашпаған оның мекемеде электр желілерін тексеріп, ақауы барын жаңалап, жаңғыртады. Осылайша ісін тыңғылықты атқарады. Осы еңбегі еленіп, Энергетика саласының қызметкерлері күніне орай Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген жас маманға әріптестері де, айналасы да құрметпен қарайды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<