«Сыр жұлдыздары» академиясы ашық есік күнін өткізді

204

0

Жақында Қызылорда қаласында «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды.  Балалар мен жасөспірімдердің болашағына бағыт-бағдар беретін  орталықта екі күн бойы ашық есік күні өтті. Оған  2000-нан астам адам келді.

Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған орталық әр баланың қабілетін ашып, білім мен ғылымды үйренуіне мол  мүмкіндік береді. Ашық есік күні аясында академияның директоры міндетін атқарушы Алтынкүл Төлегенова ата-аналар мен оқушыларға әр кабинетті таныстырып шықты. Келушілердің үйірмеден не үйрене алатынын, неше жастан қабылдайтыны туралы кеңінен айтып берді.  Сондай-ақ үйірмеге жазылу туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы бақылап отыру керектігін де жеткізді. 

Шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға де­йін қабылдайды. Ғимарат үш қабатты, 37 ка­би­нет, бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы да бар. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары заман талабына сай. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

   Балалардың көпшілігі құмыра жасау үйірмесіне қызығушылық танытты. Үйірме жетекшісі Ескендір Серманов жаңа кабинет заман талабына сай екенін жеткізді.

– Құмыра жасауға көбіне кішкентай балалар қызығады. Бұл – көне өнер. Қиындығы да бар. Тез үйреніп кете алмайды. Бүгінгі балалар бәрін тез үйренгісі келіп тұрады. Сазбен жұмыс істеуге шыдамдылық керек. Үйірме оқушылардың қол моторикасын дамытады, есте сақтау қабілетін арттыруға да септігін тигізеді. Бұрын «Оқушылар сарайында» құмыра жасау үйірмесін аштым. Онда 30-дан астам балаға үйреттім. Екі станок ғана болды. Жаңа орталықта мұндай станоктың бірнеше түрі бар. Кептіру құрылғыларымен қоса, барлық жағдай  қарастырылған. Үйірмеге 15 бала қабылданады, аптасына екі рет келеді,– дейді ол.

  Шараға қатысқан ата-аналар барлық үйірме қабинеттерін аралап, жетекшілерден толық ақпарат алды. Баласының қызығушылығына байланысты үйірме таңдады. Солардың бірі қала тұрғыны Эльмира Зейдуллаева ашық есік күніне баласын  ерте келіпті.

– Балам бұрын үйірмеге барған емес. Жеке үйірмелер ақылы болды. Осы орталық ашылғанда қуандым. Ғимаратты толық аралап шықтым. Бәрі керемет. Бала үшін барлық мүмкіндік бар. Өзінің домбыраға  қызығушылығы болатын. Енді алдағы күндері жазылу басталғанда тіркелетін болып шештік. Үйірме жетекшісімен сөйлесіп, аптасына неше рет болатынын білдім, – дейді ол.

Сонымен қатар келушілер шеберлік сабақтарына қатысты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»