20 отбасына – жаңа баспана

720

0

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев баспанасы апатты жағдайда тұрған 20 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстады. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов пен Қожахмет Баймаханов қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты.

Қала әкімі биыл облыс орта­лығында 1500-ге жуық тұрғын бас­паналы болатынын жеткізді.

– Қызылорда қаласы бойынша 24 810 азамат үй кезегінде тұрса, оның ішінде баспанасы апатты жағдайдағы 234 отбасы бар. Биыл 121 отбасын тұрғын үймен қамтуды жоспарлап отырмыз. Қалған 113-і келер жылы қоныс тойын тойлайды. Осылайша апатты үйдегі кезекте тұрған азаматтардың мәселесі екі жыл көлемінде толық шешіледі, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.

Сырдария өзенінің сол жағалауында жалға берілетін 680 пәтерлік 14 тұрғын үйді және жеке инвестор өз қаражаты есебінен салып жатқан 38 пәтерлік 1 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы басталған «СПМК-70» шағын ауданындағы 640 пәтерлік 13 тұрғын үй де пайдалануға беріледі.

– Өзім көпбалалы анамын. 2019 жылы үй кезегіне тіркеліп, екі жылда жаңа баспанаға ие болдым. Бүгін, міне, біз үшін қос мереке қатар келіп, үлкен қуанышқа кенелдік, – деді мерекеде жаңа пәтер иесі атанған Ақтолғай Өтегенова.

Вилия Шернюте де қуанышына себепші болған қала басшылығы мен құрлысшыларға алғыс айтып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Қызылорда қаласының құрметті азаматы Бақберген Досманбетов бата беріп, қоныс той иелері қала әкімімен бірге экологиялық акция аясында тал көшеттерін отырғызды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<