Әдеп те, тәртіп те керек

268

0

Қалыптасқан дағдымен Жанқожа бабамыздың кесенесіне зираттап бардым. Кесене аумағындағы самалмен тербелген  жасыл желектер, айналадағы жарасым қым-қуыт тіршілікті бір сәтке ұмыттырып, жаныңды ерекше сезімге бөлейді. Баба аруағына құран бағыштап,  әулие рухымен іштей  тілдескендей күй кешіп, сыртқа беттедік.

Кенет кесене қақпасының алдына қаз-қатар тізілген машиналар шоғыры, қаптаған адамды көзіміз шалды. Шамамен  20-ға  тарта ірілі-уақты көлік тұр. Өңшең шет елдік көліктер жиналыпты. Отау құруға талпынған жастар мен  олардың шашбауын көтерушілер екені, баба аруағына сиынып келгендері байқалып тұр. Өте орынды. Екі жас бақытты болсын!

Бірақ жастар шоғырының  келесі әрекетіне еріксіз қайран қалдым. Қақпаның ішіне екі қапталға  жарылып, сап түзеген жастар қол соғып екі жасқа қошемет көрсетті. Ал екі жас болса жеңіспен оралғандай топты жара кесене ішіне қарай аяңдады…

Мен бұл жерде жастарды, оларға қошемет жасағандарды  кінәлаудан аулақпын. Алайда, кесенеге келген 20-ға тарта ірілі-уақты машинаның ішіндегі адамын есептеп көрсеңіз (мас­ка кигендерді байқамадым) індет  ушыққан сәтте   карантин талабы бұзылғанын пайымдау қиынға соқпайды.

Сол топ бірлесіп тағы бірнеше жерге, үйге баратынын біліп отырған шығарсыз. Көрген көзде жазық жоқ, екі жасқа тілектеспіз, алайда, қаншама адамның өмірін жалмап, қара шеңгелін қаңырата қадап тұрған індеттен қорғануды естен қалай шығара береміз?! Сақтансаң – сақтаймын деген емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз?

Екіншіден, киелі мекенде әдеп сақтасақ игі еді…

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<