Әлеуметтік желіде алаяқтық асқынып тұр

392

0

Облыс прокурорының міндетін атқарушы Мақсат Қазиевтің төрағалық етуімен қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы бойынша  ведомствоаралық жедел мәжіліс өткізілді деп хабарлайды облыстық прокуратура.

Жиынға облыс әкімінің орын­басары Серік Ахмет және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Аудандармен бейне­байланыс жасалып, пікір алмасу болды.

Жедел басқосуға Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында қару қолдану арқылы орын алған топтық төбелестер себеп болып отыр.

Мәжілісте сондай-ақ, өңірдегі қылмыстық ахуал мен оның ішінде өсім алған түрлерімен күрес мәселесі талқыланды.

Жалпы қылмыс 9%-ке тө­мендегенімен, жекелеген түрлері бойынша өсім бар. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 19%-ке, кісі өлтіру 6%-ке, қорқытып алушылық 75%-ке, зорлау 30%-ке, алаяқтық 40%-ке өскен. Осының ішінде алаяқтық қылмыстардың тең жартысы интернет арқылы жасалып, өткен жылдан екі есе көбейген. Бұған еліміздегі карантиндік шаралар кезінде азаматтардың интернет-дүкендер мен онлайн жеткізу көмегіне жиі жүгінуі себеп болған. 

Сонымен қатар онлайн несие рәсімдеу үшін азаматтар интернет арқылы жеке мәліметтерін (аты-жөні, ЖСН, банк картасының деректемелері) ұсынып, несие алу жағдайлары жиілеген.

Осыған байланысты интер­нетте алаяқтардың арбауына тү­суіне жол бермеу бағытында құ­қықтық насихат жұмыстарын жүргізу белгіленді.

Ал мал ұрлығына қарсы елді мекендерде малды құжаттандыру (сырғалау, таңба басу, чип тағу, т.б.) және ауылдарды па­дашылармен қамтамасыз ету жұ­мыстарын ұйымдастыру тапсы­рылды.

Пробациялық есепте тұрған тұлғаларды қатаң бақылауға алып, тиісті шараларды жүргізу бел­гіленді.

Кәмелетке толмағандардың қорғалуы бойынша білім беру ұйымдарымен бірлесіп, тұрмыс­тық жағдайы қолайсыз отбасында тәрбиеленетін және девиантты мінез-құлықты балалармен әлеу­меттік-психологиялық жұмыстар жүргізу мәселесі қаралды.

Сонымен қатар облыс про­курорының биылғы ақпандағы өкіміне сәйкес, Қызылорда қала­сындағы 14 учаскелік аймақтарға апта сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<