Әскери қызмет – өмір мектебі

612

0

Қазақстан – әлемдік кеңістікте өзіне лайықты орны бар мемлекет. Елімізде мемлекетке тән барлық басқару институттары қалыптасқан. Әлбетте кең-байтақ жерімізді қорғайтын қуатты армиямыз да бар. Жыл сайын ­Қазақстанның қарулы күштері құрамын толықтырып тұру үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің жоспарына сай барлық өңірден жастар әскер қатарына шақырылып тұрады.

Сыр өңірінен биыл 1500-ге жуық адамды әскерге аттандыру жоспарланса, олардың 700-ге жуығы көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқаны аясында жүзеге асырылуы тиіс.  Денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар ҚР Қарулы Күштері қатарына, ҚР ҰҚК Шекара қызметінде, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланы мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімдерде және Мемлекеттік Күзет қызметінде борыштарын өтейді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйым­дастыруымен көктемгі мер­зімді әскерге шақыру науқаны аясында 300-ден астам сарбаз Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанып үлгерді.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басқарма бастығы Алмат Жақыпов Қазақстан әскерлері қатарында қызмет өткеріп жүрген барлық азаматтарды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, жауынгер-интернационалисттерді мерекелерімен құттықтады. Ол сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған азаматтарға арнаған құттықтауында:

– Бұл мереке – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болмасын, Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Әскердегі қызмет кешегі жасөспірімді Отанына адал ер азамат болуға тәрбиелейді. Әскери қызмет – сарбаз үшін ең жақсы өмір мектебі, – дейді.

 Ел армиясының қатарын сайдың тасындай сарбаздармен жасақтау – зор жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген боз­бала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны мен жылы ұясынан шыққан жеткіншек әскер атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Осы мақсатта облыста 2018 жылдан бері «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы жұмыс істеп келеді. Мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беріп, түрлі шараларды өткізуге ұйытқы болуда.

– Отан қорғаушылар күніне орай «Мен әскердемін» челенд­жін қолға алдық. Бейнеүндеу арқылы сарбаздар туған жерін, Отан алдында әскери борышын өтеп жатқан бөлімі туралы баян­дап, сонымен бірге жастарды әскерге шақырды. Сондай-ақ, әскери-техникалық мектептен сарбаздардың жаттығуын түсіріп, мереке күндері әлеуметтік желіге жүктедік, – деді «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозғалысының облыс­тық филиалының жетекшісі Айдос Қожамұратов.

Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай оқу орындарында «Ерлік» сабақтары ұйымдастырылды. Әскери қыз­метшілердің «Өшпес ерлік» атты Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін құттықтау онлайн түрінде жүргізіліп, сондай-ақ атаулы датаға байланысты әскери қызметшілердің балаларының қатысуымен «Менің атам қалай әскери борышын өтеді?» атты сурет салудан конкурс өткізілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<