Аграрлық сала және ауқымды міндет

638

0

Сыр өңірінің экономикасында аграрлық саланың маңызы зор. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау да жасалып келеді. Десе де, әлі қолға алатын жұмыс аз емес. Облыстық мәслихат депутаттары аталған мәселені тұрақты түрде назарда ұстап келеді. Өңірдің аграрлық саласында өзіндік қолтаңбасы бар облыстық мәслихаттағы өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Бақдәулет Мақашев бұл жөнінде көзқарасын білдірген еді.

– Облыс халқы ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапы­нан субсидия бөлініп, лайық­ты қолдау көрсетілуде. Ауыл шаруашылығын қолдау мә­селесі «Nur Otan» партия­сы­ның сайлауалды бағдарла­ма­сында кеңінен қамтылды. Кейінгі үш жылда өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өн­ді­рушілерге 40 млрд теңгеге жу­ық қаржы қаралған. Биылғы жылдың өзінде осы бағытта 12 млрд теңге бөлінуде. Ол тұқым шаруашылығын, жа­йы­лымдықтарды инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету, ет ба­ғытындағы шаруашы­лық­тар­ды дамыту секілді ба­ғыт­тардан тұрады, – дейді Б.Мақашев.

Оның айтуынша, мемле­кет­тік қолдаудың арқасында кү­ріш егісін жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз ету басымдық алып отыр. Би­ыл осы бағытта субсидиялау бағдарламасы бойынша 145,5 млн теңге (жергілікті бюджеттен) қаржы бөлінуде. Бөлінген қаржыға 14 тонна бірегей, 263 тонна элиталық, 763 тонна бі­рінші репродукциялы тұқым, 27 тонна жүгері будан тұқымы және жеміс ағашының 50 мың дана элиталық көшетін ішінара арзандатылған бағамен сатып алу көзделген. Қаржыны игеру маусым айына жоспарланған.

Келесі кезекте ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндіру­ші­лерге су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құ­­нын субсидиялау бар. Бюд­жет­тік бағдарламасы бойын­ша былтыр 455,6 млн теңге бөлінген. Оған 476 шаруа­шылыққа барлығы 2,6 млрд текше метр су жеткізіп беру қызметтері субсидияланды. Би­ыл жұмыс маусым айынан басталады деп күтілуде.

Айта кетейік, судың 1 тек­ше метрге арналған субсидия мөлшері қосылған құн са­лы­ғымен қоса күріш жүйе­ле­ріне арналған тарифтің 50 про­центін құрайды. Субси­диялаудың нәтижесінде өнді­рілген өнімнің көлемі мен сапасы, бәсекелестік қабілеті артуда.

– Аймақта әртараптандыру мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды, – дейді ендігі сөзінде Б.Мақашев.  – Рас, күріш – су­ды мол қажет ететін дақыл. Сыр өңірі қаншама жылдан бері оны өсіруге әбден дағды­ланған. Күріш шаруашылығына табиғи және экологиялық тұр­ғыдан қарауымыз тиіс. Ол егілмеген жерлерді сор басып кететінін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Сондай-ақ алма өсіру ісіне бетбұрыс басталды. Облыстың бірқатар аудандарында алма бағының аумағы өсті. Атап айтқанда, Жаңақорған, Жалағаш, Арал аудандарында оң өзгерістер көрініс берді. Жаңақорған ауданы Төменарық ауылының тұсында 50 гектар аумаққа алмадан өзге өрік, шие, жүзім секілді дақылдар өсіруді қолға алдық. 2019 жылы бұл аумақта 10 гектарға алма ағаштары егілді. Биыл 60 гектарға жеткізу ойымызда бар. Қазір тиісті құжаттары жасалды. Алдағы уақытта 33 мың түп алма және жеміс-жидек ағаштары егіледі. Оны екі кезең бойынша жүргіземіз. Бұдан бұрынғы жылдарда егілген алмадан би­ыл өнім жинаймыз деген жос­парымыз бар. Сондықтан 1000 тоннаға жуық аталған өнімді сақтайтын, сорттайтын қойма салып жатырмыз. Су ресурсын үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісі қол­данылады. Сондай-ақ, келешекте қызанақ егіп, томат пастасын шығару да жоспарда тұр.

Алмаға сұраныс артып келеді. Бұл қазақстандық шаруаларға өте қолайлы. Шет­елдік сарапшылар еліміздің мүмкіндігі зор екенін айтады. Республикалық мерзімді басылымда жарияланған мы­на мәселеге көз жүгірте кет­кеніміз артық болмас. Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттері және Оңтүстік-Шығыс Азия секілді үлкен нарық бар. Демек, Қазақстан алма шаруа­шылығын дамыта отырып, бұл жемістің экспорттық әлеуетін көтере алады.

Мамандар алма бағын от­басылық бизнес ретінде да­мытуға болатынын да жиі талқылап жүр. Өйткені, кейбір мемлекеттерде дәл осындай жолмен табыс тауып отыр­ғандар аз емес. Еуропада бұл кеңінен таралған. Аз жерден мол өнім алу әрі нарыққа ену кәсіптің табысты екенін ай­ғақтайды.

– Ауыл шаруашылығында тағы бір маңызды мәселе – мал азығы. Алдағы уақытта біз қызанақ өсіруді қолға алсақ, онда ауыспалы егіс тәртібі сақталатын үш аумақ бо­луына назар аударамыз. Сол аумақта бидай, жоңышқа егу арқылы мал азығын дайындауды қолға алмақ ойымыз бар. Құрама-жем зауытының толық қуатында жұмыс атқаруына септігін тигізеді. Өйткені, жем шығару үшін оған бидай, жүгері, басқа да дақылдар керек. Аймақта көптеген мал бор­дақылау орындары салынды. Дегенмен, мал азығының тапшылығына байланысты мал басын көбейту кенжелеп қалды. Осыған байланыс­ты өндіруші мен пайдаланушыға тиімді мүмкіндіктер қарасты­руы­мыз қажет, – дейді ол.

Шындығында, өңірге жем не­гізінен сырттан тасымал­данады. Оған қажетті дақыл­дарды өз же­рімізде егіп, өң­­деп, мал азығы қорына пайдалану үлкен тиімділік әкелер еді.

 – Әрбір дақылдан құнарлы жем өндірудің тәртібі бар. Оған жұмсалатын қоспа, витаминге мән беріледі. Жем өндірісі ет және сүт бағытына арналған. Әрбіріне тиісті талап пен тәр­тібі қарастырылған. Құс­тың жемі де бөлек өндіріледі. Біз­дің зауыттың ерекшелігі – балыққа арналған жем шы­ғаруға мүмкіндігіміз бар. Олар­дың құрамын есептей отырып, қажетті заттар табылған жағдайда дайындай аламыз. Қолымызды байлайтыны – қажетті шикізаттың жоқтығы. Біз күріштен күріш жармасы мен тал­қан жемін шығарамыз. Тіп­ті, күріштің қабығын майдалап өнім дайындауға қол жеткіздік. Бұл өнімнің малдың ішінің ыстығын басуға үлкен пайдасы бар. Ол ғылыми түр­де дәлелденген, – дейді Б.Мақашев.

Айта кетерлігі, ұзақ жылдар бойы облыста құрама жем өндіретін зауыт  болған жоқ. «Жан Арай Жем» зауыты сол олқылықтың орнын толтырды. Оған қажетті шикізаттар қатарында күріш, бидай, жү­гері, мақсары, күнбағыс дақыл­дары бар. Зауыт өнімі мал ша­руашылығы, құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді. Демек, өңірдің аграрлық саласында қолда барды ұқсата білу маңызды екенін уақыт көрсетіп отыр.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<