Агрокешен: өсім бар, өзгеріс те керек

403

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына арналған жиын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев қатысты.

Аймақ басшысы өңірде агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021 жылға бекітілген нысаналы индикаторлары бойынша негізгі көрсеткіштерді саралады.

Басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев өнім өндіру, мал және егін шаруашылығы бо­йынша бірінші тоқсан қорытындысын атап өтті.

Есепті кезеңде аймақта 13 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,8%-ті құрады. Ал, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 901,8 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артқан.

Облыстан 5,7 млн долларды құрайтын 16,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,4 % құрады. Сондай-ақ, өткен жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне тартылған инвестициялар көлемі 2 еседен астам өсім көрсетсе, биылғы  қаңтар-наурыз айларында салынған инвестиция  1,4 есеге артып отыр.

Егін егу бағытында да белгіленген меже бар. Қазіргі таңда 6573 гектарға мақсары, 4086 гектарға жаздық бидай, 344 гектарға жаздық арпа, 5 гектарға сұлы, 25 гектарға соя дақылы егілді. Мұнан бөлек, дән жүгері, сүрлемдік жүгері, қант құмайы, соя және картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жұмыстары күріш егумен қатар жүреді.

Күріш егуді Шиелі, Жаңақорған аудандары 21 сәуірден, Жалағаш, Сырдария ауданы 23 сәуірден, Қармақшы ауданы 25 сәуірден бастаса, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданынында 1 мамырда жүргізіледі. Жалпы күрішті егу 30 мамырға, суға бастыру 5 маусымға дейін аяқталады.

Облыс әкімі шет елдерге өнім өткізу нәтижелері бойынша көрсеткіштерді саралады. Қазірде Сыр елінен әлемнің 13 мемлекетіне өнімдер экспортталады. Күріш өнімі Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол, Тәжікстан, Украина және Ирак мемлекеттеріне жөнелтіледі. Сондай-ақ, облыстан Ресей, Польша, Литва және Австрия мемлекеттеріне 549,9 тонна балық, Германия мен Нидерланды мемлекеттеріне 268,7 тонна қамыс жіберілген.

Алғашқы тоқсандық қорытынды бойынша  мал шаруашылығында да өсім бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4,8%-ке, қой мен ешкі 5,9%, жылқы 10,3%, түйе 7,4%, құс 6,0 процентке өскен. Мұнан өзге, 8,6 мың тонна ет, 17,6 мың тонна сүт және 1,2 млн дана жұмыртқа өндіріліп, өндіріс көлемі біршама артқан.

Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 1000 бас шет елден мүйізді ірі қара, 27500 бас қой сатып алу жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі күні 3 шаруашылық 326 бас мүйізді ірі қара сатып әкелсе, тағы да 5 шаруашылықтың 388 бас мал алуға берген тапсырыстары қаржы институттарының сараптамасынан өтуде.

Жиын соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығында әртараптандыру процесін қарқынды жүргізу, суды тиімді пайдалану, ішкі өнімдерді өңдеу бағытында жұмысты әрі қарай жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<