Нью-Йорктегі полицей қазақ

803

0

Данияр Нұртаза – Нью-Йорк қалалық полиция депар­та­ментінің офицері. Інісін оқыту үшін Америкаға ілесе барған ол бала күнгі арманы – полиция қыз­меткері атану үшін кәсіп­кер­ліктен бас тартқан. Нью-Йорктің үш миллионға жуық адам тұра­тын Бруклин ауданындағы мет­ро­да толғағы қысқан әйелді босан­ды­рып алуға көмектесіп, БАҚ на­зарына іліккен. 

– Америкада тұруды еш армандамағанмын. 2002 жылы мектеп бі­тірген інім Колумбия университетінде оқы­ғысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олим­пиадаларға қатысып, жүлделі орын­дар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бе­тінен қақпай, керісінше қолдау біл­ді­рейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым. Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын. Сөйтіп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім. Бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істедім. Қолым қалт еткен уақытта ағылшын тілін үйрететін оқу­лық­тар арқылы тіл үйреніп, ойымды еркін жет­кізетін, өзгелердің айтқанын қалтқы­сыз түсінетін болдым. Сосын автокөлікті тұ­раққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейін­нен даяшылар жақсы жалақы ала­тынын естіп, «Баку» мейрамханасына жұ­мысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиент­терге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәр­сені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім.

Нью-Йорк қалалық уни­вер­си­те­тін­де маркетолог мамандығында оқи жү­ріп, Қазақстанға көлік әкелумен айна­лыс­тым. Бұл істе Алматыдағы жақын дос­та­рым маған көп көмектесті. Бұл кішігірім биз­нес бірте-бірте ұлғайып, үлкен кәсіпке ай­налды. Сосын бұл іске осында жүрген қа­зақтарды жұмылдырдым. Сондай-ақ, ел­дегі азаматтарды да іске тарттым. Бірақ Қа­зақстан Кеден одағына кіргеннен кейін автобизнестен біржола қол үзу керек еке­нін түсіндім. Бұл қанша жерден табысы мол кәсіп болса да, заңды түрде жұмыс іс­теуіме мүмкіндік беретін әрі жаныма жа­қын қызметпен айналысқым келді, – дейді ол.

Turkistan.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<