Алғы шеп сапындағы сардар еді

729

0

Сыр елінен шыққан тұңғыш және жалғыз генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов – әскери талап пен қатаң тәртіп құрсанған қызметтің қилы қиындығын қасқая көтерген сардар. Бұл жайында кейінгі буынның біле бермеуі мүмкін.

Ол 1957 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Атасы Байдүйсен Қаражанов аудандық әскери комиссариатта қызмет етіп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысына аттанып, содан оралмаған. Әкесі Сәкен милицияда қызмет еткен, жұмыс бабында жүріп, ертеректе қаза болған. Сонда балалары тым жас екен. Ержете келе әкесінің патриоттық, адамшылық қасиеттерін жұрт аузынан естіген Құрбан бала кезінен құқықтық не әскери қызмет етуді армандапты.

Осы перзенті дүниеге келгенде Сәкен әкеміз Есабыз әулиенің басына барып, құрбандық шалып, «елдің қорғанындай, сақаның салмағындай ұлым болсын» деп әуелі Алла, ата аруағына тілек қылған екен. Сол ниеті Құрбанның жас кезінен-ақ қайсар, қайырлы, қажырлы болып қалыптасуына септесіпті. 

Талабы таудай жас Құрбан мектеп бітірген соң «ПМК-7» мекемесінде қара жұмыс істеп, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіне оқуға түскен. Училищені бітірісімен Қиыршығыс әс­кери округіне жіберілген. Осы округтің мотоатқыштар дивизиясында танк взводының командирі, штаб бастығының көмекшісі болған. Мұнан әрі қызметі Белорусь әскери округіне ауысып, танк полкі штаб бастығының аға көмекшісі, батальон коман­ди­рінің орынбасары-штаб бас­тығы болып қызмет етеді.

1979-1989 жылдары Орта­лық әскер тобында, ҚР ҚМ қарамағында кіші мамандар дайындайтын ОО гвардиялық мотополк командирі, әскери академия тыңдаушысы, полк командирінің орынбасары болады. 1995 жылы М.Фрунзе атындағы әскери академияны, 2007 жылы РФ Бас штабы Әскери академиясын бітірген.

 «Астана» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскер­лері қолбасшысының бірінші орын­басары-штаб бастығы болып қызмет еткен. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық бо­йынша орынбасары болған. Қор­ғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы, Құрлық әскерлері Әскери инс­ти­тутының бас­тығы болып қызмет атқарған.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орде­німен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Ол туған жерінің гүлденіп, дамып келе жатқанын көріп қуанатын. Сырттай қуанып қоймай, өз қолымен қосқан үлесі де көп. Соның бірі – Шиелі кентіндегі «Тағзым» алаңына екі гаубица, бір БМП-1 әскери техникасының корпусын әкеліп қойдырғаны. Бұл – біріншіден, «Тағзым» алаңын айбаттандырса, екіншіден, ұр­пақ жадында от кешкен ата­лардың рухын жаңғыртады. 

Құрбан Сәкенұлы жоғары шенді әскери қызмет атқарса да, қарапайым тірлікте өте қайырымды, жұмсақ, кішіпейіл мінез иесі еді. Қазақылықты қатты ұстанатын. Ауылға келгенде ақсақалдарды жағалап сәлем беріп, әулиелерді зия­раттайтын. Ескілердің сөзін есінен шығармайтын. «Қыз­меттік үстелінде қаулы-қарар, бұйрықтармен бірге Абайдың қарасөздері мен Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» атты кітабы жататын. Көп оқиды. Ғылымды таңдаса академик болар еді», – деп баға беріпті әріптестері.

Атасынан бері қарай «Отан солдатымыз» деген қағиданы берік ұстанған Құрбан ағаның үш ұлы да әскери қызметші болды. Бұл әулеттегі әскери рух атадан балаға ауысты.

Жақында мына бір мыңның мұңын аршыған аждаһа кесел Құрбан ағамызды да құрыққа іліндірді. Осы қаралы хабарды жеткізген Қазақстан Республикасы Қорғаныс ми­нистрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштерінің жеке құрамы Құрбан Сәкенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, Сыр еліне қайғырып көңіл айтты.

Мұның өзі Отанымыздың алдында абыройлы борышын адал атқарған атпал азаматымыздың бірінен айырылып қалғанымызды еріксіз мойындатады.

Міне, Құрбан Қаражанов туралы айтпақ болған азғантай сөзіміз осы еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<