Ақын атын иеленген…

865

0

Ұлы Абай есімі Конфуций, Шекс­пир, Вольтер және Гете сынды аты әлемге әйгілі алыптар қатарында. Олай болса, бізде Абай есімін ұлықтау кеше басталған жоқ. Бұған дейін де дара ақынның шығармашылығы кең насихатталып, өлеңдері мен қара сөздері кейінгі буынға түсіндіріліп келді.

Абай оқулары жыл сайын үзбей өтуде. Әрі ағартушының есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында оның атында әр өңірде ауыл, мектеп, көше бар. Мысалы, облыста 3 елді мекенге оның аты берілген. Атап айтсақ, қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округі, Аралдағы Қарақұм және Қазалыдағы Сарыкөл ауылдық округтерінің орталығы Абай ауылы деп аталады.

– Қасиетті туған жер – әр перзенттің құтты мекені. Бойдағы қайсарлық пен табандылық, мейірімділік пен шыдамдылық, барлық ізгі қасиет – сенің топырағыңнан сіңген мінез. Осындай құндылықтарды сепкен менің туған жерім – Абай ауылы. Сонау тарихы тереңде жатқан шежірелі өлке бұл. Колхоздастыру кезеңінен бастау алып, 1957 жылы төрт колхозды біріктіру арқылы «Қарақұм» қой совхозы болып құрылған. Орталығына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының құрметіне орай «Абай» атауын беріп, іргелі ел болып қалыптасуына азаматтар атсалысты. Туған жерін көркейтуде аянбай тер төккен перзенттер сабақтас­тығы әлі де жалғасын табуда. Ұлы ақынның құрметті есіміне кір келтірмей, мақтаулы ауылға айналған менің туған жерімнің ерлігі – еңбегінде, арманы – әнінде, қуанышы – бауырмалдығында, жасампаздығы жарқын істерінде жатыр. Осылай екенін дәлелдеумен келеді, – дейді Арал ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Шәрбану Жанкүшікова.

Иә, Абай атында бұдан бөлек, 4 мектеп, Қызылорда қаласы, Арал, Сыр­дария және Шиелі аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Қалаға қарас­ты Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Мұрагер» мектебінің алдына ескерткіші орнатылған.

Дерекке сүйенсек, біздің облыста ұлы ақынның атын иеленген 86 көше бар. Оның 11-і қала мен оған қарасты кент пен елді мекендердегі көшелерге берілген. Арал ауданында Абай атында 4 көше болса, Қазалыда 10, Қармақшыда 6, Жалағашта 9 және Сырдарияда 11 көше ақын атын иеленіпті. Абай атындағы ең көп көше Шиеліде, мұндағы ауылдарды қоса алсақ, 21 көше ақын атымен аталады. Одан кейінгі орында Жаңақорған тұр. Аудандағы 14 көше осындай қадірлі тұлғаның есімін еншілеген.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<