Аралдың брендтері әлемге тарайды

825

0

Арал ауданында индустрияландыру бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Арал» сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасының І кезеңі бойынша Арал қаласында орналасқан цех, IV кезеңі бойынша Бөген ауылдық округіндегі мұздату цехы және жатақхана, «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобалары іске қосылды.

Сондай-ақ, биыл «Аралтұз» АҚ-ның құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Үшінші испан цехын салу» жобасы, индустриялық аймақтан «Жаңа Арал» ЖШС-ның «Жүн және теріні алғашқы өңдеу» жобасы және жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын, жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнім өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты» бойынша екі жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.

– Ауданда 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Қосжар елді мекенінде орналасқан «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы жылына 14,8 млн дана майда бір жылғы шабақ және 420 мың екі жылғы шабақ Кіші Арал теңізіне және көлдер жүйесіне жіберіліп, өсірілуде.

«Жамбыл» өндірістік кооперативі Аманөткел ауылдық округіндегі «Ақшатау-Сорғақ» тауарлы көліне майда шабақтар жіберіп, күтіп-баптау жұмыстарын кеңейту мақсатында 21 млн теңгеге «Ғаламдық экологиялық қоры» арқылы инкубациялық балық өсіру цехының жобасын іске қосып, 10 млн дана майда шабақты өсіріп, аудандағы табиғат пайдаланушыларға беруде. Ақбасты елді мекенінде екі бірдей балық цехы іске қосылды. Оның бірі ауланған балық қорын 100 тоннаға дейін сақтаса, екінші цех күніне 40-қа жуық балық консервісін шығаруда.

2020 жылдың 1 желтоқсанына ауланған балық 6214 тонна болса, өңделген балық 5388 тоннаны құрады. Таратып айтсақ, 2159 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды, – дейді Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев.

Арал ауданынан «Қамышорда» ЖШС арқылы Германия, Голландия мемлекеттеріне 594 тонна қамыс және Өзбекстан Республикасына «КZ-MBK» ЖШС арқылы 136 тонна I сұрыпты «Аралым» ұны экспортталды.

Ауыл маңындағы көлдің бетін, арық-атыз, каналдың ішін жа­уып, шашағы үкінің қауырсынынша жел­біреп, желмен тербелген ну қамысқа жайшылықта мән бере бермейміз-ау. Қамысты әлемдегі іргелі мемлекеттер сатып алса, бөтен болмағаны да. Қолда барды пайдаға жарата білгенге не жетсін?!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<