Азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті

643

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова карантин шектеулерінің жеңілдетілуіне байланысты түрлі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Кездесуде азаматтар өңір басшысына толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтсақ, Шиелі ауданының тұрғыны, 1 топ мүгедегі Тамара Ақмағамбетова мүмкіндігі шек­теулі жандардың мәселелерін көте­ріп, оның ішінде аудандағы инва­таксидің талапқа сай еместігі туралы шағымын білдірді. Аймақ басшысы Т.Ақмағамбетованың шағымын на­зарға алып, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Т.Дүйсе­баев­қа тиісті тапсырмалар берді және орындалу барысын баяндауды тапсырды.

Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы­ның тұрғыны, көпбалалы ана, «Ақжүніс» аналар қоғамының Қы­зыл­орда облысы бойынша өкілі Сандуғаш Тұрлыбекова аудандағы көпбалалы және жалғызбасты аналардың жағ­дайын қозғап, әлеуметтік көмек­тер көрсетуге байланысты өтіні­шін жеткізді. Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімдігіне көтерілген мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Кездесуде Жалағаш ауданының тұр­ғыны, көпбалалы ана Эльмира Жанзақова денсаулық сақтау сала­сындағы мәселелерді айтты. Оның ішінде ауруханаларға жатып, жос­парлы ем алуда қиындықтар бар екеніне шағымын білдірді. Осыған орай, облыс әкімі облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловқа тұрғындардың ем алуында кедергілер болмауын және жақсы жағдай жасалу керек екенін ескертті.

Өз кезегінде «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауық­тыру және тәрбиелеу қайы­рым­дылық үйі» мекемесінің директоры, «Ұмай» балалар үйінің құрылтайшысы, БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының Қызылорда облысындағы өкілі Анар Ізден «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы облыстық ішкі саясат басқармасына мәселені назарға алып, қолдау көрсетуді тапсырды.

Ал, Қызылорда қаласының тұрғыны Нұргүл Махан жас мамандардың жұмыспен қамту мәселесін көтерсе, жас кәсіпкер Евгений Демиденко жаңашыл бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін қолдау көрсетуді өтінді. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына аталған мәселелерді назарда ұстау және шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<