Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округіндегі «Сыр дидары» бөбекжайы көктеммен бірге гүлдене түскендей. Балабақшаның ауласына қадам басқаннан-ақ құшақ жая қарсы алған ата-әженің мүсіні аула көркін келістіріп, бүлдіршіндерді шақырып тұрғандай.
Бөбекжайдың ашылғанына биыл 6 жыл толып отыр. Мұнда 12 топ бар, әр топ әдістемелік талапқа сай безендірілген. Оқу-тәрбие үдерісіне қажетті жағдай толық жасалған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Балабақшада балғындардың денсаулығына жауапты психолог, дефектолог-логопед мамандар жұмыс істейді. Бұдан бөлек сабақтарға арналған арнайы кабинеттер, спортзал, актзал тәрбиеленушілердің дамуына зор ықпалын тигізуде. Осы жылдары бөбекжайдың бет-бейнесін қалыптастыруда меңгерушілік қызметінде болған Ләззат Оразаева мен Гүлмира Алтынбекованың еңбегі өлшеусіз.
Бүгінде бүлдіршіндердің болашағы үшін жаңашылдық пен ізденісті ұштастырған педагог-мамандар жұмыс істеп келеді. Мейрамкүл Ахметова меңгеруші болып келгелі жаңашыл жетістіктерге қол жеткіздік. Педагогтар мен тәрбиеленушілер республикалық, қалалық, облыстық байқауларда бақ сынап, жетістіктерге жетті.
Атап айтсақ, 2019 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Жастар – ұлт болашағы» атты өнер байқауында биші балғындарымыз III орын иеленсе, Шымкент қаласында өткен «Нұрлы жастар болашаққа жол бастар» атты республикалық көркем сөз, ән-би байқауында хореография номинациясымен жүлделі I орынмен оралды.
«Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында өткізілген «Үкілі үміт» атты өнер фестивалінде үздіктер қатарында бас жүлде иеленген бөбекжайдың музыка жетекшісі Сәулет Төребаева өз өнерімен талайды тамсандырды.
Былтыр отбасы күніне орай қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Өнегелі отбасы» онлайн байқауына балабақша атынан қатысқан педагогтар отбасымен жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, Күміскүл Сәтбаева, Роза Телқожаева, Әлима Махамбетова, Сәулет Төребаева, Қамар Мақашева өз отбасы құндылықтарын дәріптеді.
Бөбекжайда тәрбиеленушілерімен қатар тәрбиешілердің де ізденушілік қабілетін, шығармашылығын арттыру жұмыстарына басымдық берілген. Наурыз мерекесі қарсаңында «Ұлтымның ұлттық дәстүрлері» тақырыбында педагогтар арасында өткен сайыс соның дәлелі. Іс-шара тарихи тамыры тереңге кеткен ұлттық құндылықтарымызбен қайта қауыштырғандай болды. Шараның негізгі мақсаты – Наурыз мейрамын ұлықтау және халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, таңбалы тарихтан тағылым беретін ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту. Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздар қауымының еңбегі ерен. Өнер бәйгесі қатысушы педагогтардың өзара тәжірибе алмасуына септігін тигізіп, көз көргенге көктемдей жылулық сыйлады.
Нәтижесінде «Шаңырақ» тобы I, «Сырғалым» тобы II, «Ұлы дала тәрбиешілері» тобы III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Гүлнұр Қожантаева,
Гүлнар Оразымбетова,
«Сыр дидары» балабақшасының қызметкерлері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<