Барды бағалай білсек

1438

0

Облыстың оңтүстік ау­дан­дарына қарағанда көк­темі шұбалыңқы, қысы қытымыр, жазы аптап, күзі ертерек түсетін Қазалыда жасыл желек өсіру қыруар еңбекті қажет етеді. Оған аяқсу тапшылығы, жауын-шашынның мөлшерден аз болуы, тағы басқа түйткілді қоссаңыз, ауданда жайқалтып жеміс ағаштарын, тербелтіп тал-терек, бау-бақша өсіру «инемен құдық қазғандай» екенін мойындауға тура келеді.

Ал осындай жағдайда Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Үкіметке эко­логиялық ахуалды жақ­сарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсыруын өте маңызды деп санаймын.

Қазалыда көгалдандыру бағытында атқарылған жұ­мыс жоқ емес. Көшелер бо­йындағы талдар, тұрғын үйлердің ауласында егілген жеміс ағаштары көзге жылы көрінеді.

Алайда көңілге кірбің түсірген мына жайтты да жасырып қалмайын. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында кезінде жасыл желегі жайқалған әп-әдемі бақ болды. Мұқият қоршалып, іші мұнтаздай тазаланып тұратын, күтімі келіскен сол бақ маңайға ерекше көрік беретін.

Ал қазіргі кейпіне көңілің құлазиды. Күтім көрмеген талдардың күйі қашқан. Бір кездегі жасыл желегі жаныңды жадыратқан бақтың іші мал жайылатын орынға айналғандай.  Есесіне, тура осы жерден ірі жол құрылысы жүріп жатқандықтан, келешекте бақ өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Сондықтан, бір талды екі, екі талды еселей алмай отырғанда бардың бағын қашырмасақ дегіміз келеді. 

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<