Бейсенбі және жұма күндері облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарына барып, бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады.
Аудандардағы індетке қарсы күрес шараларын сараптап, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен Шиелі ауданы Сұлутөбе елді мекенінің ауызсумен қамту жүйелерін және бас су қоймасын көрді. «Сұлутөбе елді мекенін ауызсумен қамту жүйелері және бас су қоймасы» жобасы аясында 184 дана көру құдығы орнатылып, қыстақішілік 18,84 шақырым, тұтынушы тұрғын үйлерге дейін 9,02 шақырым ауызсу құбыры жүргізілді.
Бас мердігер – «Бақ-Береке 2030» ЖШС.
Облыс әкімі Талаптан ауылдық округінде орналасқан «Шиелі төрт түлігі» кооперативіне де барды. Кооператив 2016 жылы құрылған. Негізгі қызметі – сүт өндіру және өңдеу. Мүшелерінің саны – 35 адам. 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы кооперативтің 21 мүшесі 64,5 млн теңге несиеге 258 бас сүт бағытындағы ірі қара мал алды.
Аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылдық округіндегі клубта ауыл ардагерлерімен кездесті. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков облыс әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын таныстырды.
Елді мекендегі апатты жағдайдағы клубтың орнына жобалық құны 173,3 млн теңге болатын 150 орындық жаңа клуб ғимаратының құрылысы 2014 жылы шілдеде басталып, желтоқсанда пайдалануға берілген. Гүлшара Әбдіқалықова халыққа сапалы қызмет көрсету қажет екенін айтып, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық шараларды қатаң сақтауды жүктеді.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үйдің құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстарын «Жабдықтау» ЖШС жүргізуде. 3 қабатты тұрғын үйлердің құрылысына 709 млн 737 мың теңге бөлінген. Бұл жерде 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 6 пәтер салынып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды ескертті.
Одан кейін «Мөлдір и К» ЖШС құс фермасын көрді. «Құс өсіру фермасы» жобасының құны 165 млн теңгені құрайды. Ферма жұмысын 2016 жылы бастаған, қазір 10 адам жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 33,5 млн теңге алып, құс фермасының 2-цехы іске қосылды.
Бүгінде кәсіпорында тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Алдағы уақытта ет бағытындағы құс өсіруді жолға қойып, жылына 65 тонна құс еті өндіріледі деп жоспарлануда.
Аймақ басшысы аудан әкіміне шағын және орта кәсіпкерлікті, отандық өнімді дамыту бағытында кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді, кәсіпорындарда санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Мұнымен қоса «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында А.Ясауи көшесіндегі аббаттандырудан өткен аллеяның және Жиделіарық елді мекеніндегі жаңадан салынған 150 орындық клубтың жұмысымен танысып, «Бастау» сауықтыру кешеніне барды. Аллеяның ұзындығы 430 метр, ені 19 метрді құрайды. Мұнда мәрмәр мүсінді макеттер, балалар ойын-сауық алаңы орнатылған.
Айналасы гүлмен көмкеріліп, абаттандырылған демалыс орнына айналған. Мемлекеттік бағдарлама аясында аббаттандыру жұмыстарына 49,2 млн теңге қаражат бөлінген. Ал, екі қабатты 150 орындық клуб құрылысына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 177 млн 249 мың теңге бөлінген.
Бас мердігер «ДаренСтройСервис» ЖШС әлеуметтік нысанды ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға береді деп жоспарлануда.
«Бастау» сауықтыру кешенінде ауыл жастарына арналған үлкен және кіші бассейн салынған. Бұл нысан 2018 жылы пайдалануға беріліп, 6 тұрғын жұмыспен қамтылған. Жұмыс сапары аудан орталығына жақын аумақта орналасқан жеке шаруа қожалығының егіс алқабында жалғасты. Шаруашылықта 4 гектар жерде тамшылатып суару әдісімен қызанақ егіледі.
Сонымен қатар облыс әкімі аудандық емханаға барып, коронавирустың алдын алу және індетке қарсы вакциналау жұмыстарымен танысты. Қоғамдық орындарда карантин талаптары қатаң сақталу қажет екенін баса айтты.
– Әлемді жаулаған індеттің таралуы күшейіп, облысымыз «қызыл аймаққа» кіргенін жақсы білесіздер. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы тұрғындардың вакцина алуына тікелей байланысты. Себебі, ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес коронавирусты жеңудің бірден-бір жолы – вакциналау. Осы орайда, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру маңызды. «COVID-19» инфекциясы таралуының алдын алып, әсіресе, қоғамдық орындарда адамдардың жиналмауын қадағалаңыздар, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты.
Аймақ басшысы аудандағы коронавирус індетінің алдын алуда атқарылған жұмыстарды бағдарлап, шағын бизнес және әлеуметтік нысандарын аралады. Алдымен «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды.
Фабрика жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орнының басшысы өз қаражаты есебінен кәсібін бастап, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,8 млрд теңге қаржы алған.
Мұнан кейін облыс әкімі Жаңақорған кентіндегі 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Жалпы көлемі 1053 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысына бюджеттен 141,8 млн теңге қаржы бөлінген. Өңір басшысы тұрғындарға пәтер кілттерін табыстап, баспаналы болған отбасыларға ақжолтай тілегін арнады.
– Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1858 пәтерді құрайтын 99 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде Жаңақорған ауданында қарқынды құрылыс жүруде. Бүгін «Саяжай» шағын ауданында 18 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. 18 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойламақ. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын. Қуаныштарыңыз көбейе берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнасын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Баспана қуанышына кенелген аудан тұрғыны Кенжегүл Шайхаттарованың үйіне кіріп, көпбалалы жас отбасының шаңырағына бақ-береке тіледі. Жұмыс сапары аясында аудандағы індетпен күрес барысын бақылау үшін аудандық емханаға барды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханада 150 төсектік күндізгі стационар, үйге шақыру қызметі жолға қойылған. Індет күшейген жағдайда қосымша 200 төсек-орын дайындалған. Бүгінде ауруханада өкпені жасанды желдететін 18 аппарат, 54 концентратор, 51 оттегі баллоны бар.
Аймақ басшысы аудандағы екпе салдыру мәселесіне ерекше мән берді. Қазір 506 медицина қызметкері вакцина салдырған. Тұрғындарға екпе егу үшін емханада 2 егу бөлмесі, егуге дейінгі 3 зал, егуден кейінгі 1 зал және 3 дәрігер бөлмесі жабдықталған. Өңір басшысы індеттен сақтанудың басты жолы вакцина салдыру екенін жан-жақты түсіндіріп, екпе жүргізуге қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асыру керек екенін атап өтті.
Сапар аясында Кейден ауылдық округіндегі аяқсу каналы мен «Талап Сырдария» топтық су қоймасы назардан тыс қалмады. Канал арқылы Жаңақорған кенті, Кейден, Сүттіқұдық, Қожамберді ауылдары, Жашы көлі, Боз көлі, Алакөл, Нарсоққан, Қандарал көлдер жүйесі суға толтырылады. Ол үшін дариядағы ескі каналдан 1,5 шақырым қазылады. «Сырдария» топтық су құбыры арқылы 16 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ал, «Талап» топтық су құбыры арқылы 12 елді мекенге су жетеді.
Аймақ басшысы М.Нәлібаев ауылдық округіндегі №196 орта мектептің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Ауыл ақсақалдарының мәселелерін тыңдады.
Облыс әкімі аялдаған келесі нысан – Талап ауылдық округіндегі әк шығаратын цех. «Премиум» Класс Строй» ЖШС-ның шағын өндіріс орнында 50 адам қызмет етеді. Жылдық қуаты 75 мың тонна, күніне 180 тонна әктас өндіреді.
Жаңақорған ауданындағы жұмыс сапары Жайылма ауылдық округіндегі егіс алқабында қорытындыланды. Жалпы аумағы 500 гектар егіс алқабына 13 шаруа қожалығы бақша дақылдарын егеді. Гүлшара Әбдіқалықова шаруалармен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстарын бақылады. Су тапшылығына қарамастан, өнім өндіру көлемін төмендетпеу қажет екенін атап өтті.
Жаңақорған ауданындағы медициналық, әлеуметтік нысандардың жұмысын саралаған аймақ басшысы аудан әкімі Руслан Рүстемовке коронавирус инфекциясының таралуын төмендету бағытындағы жұмыстарды қарқынды жүргізуді, көктемгі егіс науқанына қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барып, Аққұм ауылдық клуб ғимаратында сақтық шараларын ұстана отырып, ардагерлермен кездесті. Кездесуде ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, аймақ басшысы ауылдық аурухананың жұмысымен танысты. Аурухана типтік жобада, ауысымына 10 науқас қабылдауға арналған. Қазір емдеу мекемесінде 4 дана концентратор, 2 дана оттегі баллоны бар.
Облыс әкімі ауданда коронавирус індетімен күресу, вакциналау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдап, сақтық шараларын, ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– «Қызыл аймаққа» кіргенімізді білесіздер. Бұл – карантин талаптарын күшейту қажет деген сөз. Бүгінде індетпен күресудің жалғыз жолы – вакцина. Сол себепті тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізу маңызды. Коронавируспен күресу шараларын қатаң бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы.
Жұмыс сапары «бақдәулет-57» фермерлік қожалығының нысандарында жалғасты. Қожалық жеке есебінен мейрамхана, наубайхана, мал бордақылау алаңы, күріш ақтау зауыты, мал сою цехын салған.
Бүгінде мейрамхана 100 балаға арналған спорт кешені болып өзгертілген. Кешенде 4 күрес алаңы, 1 ауыр атлетика бөлмесі, 1 фитнес залы бар. Наубайханада күніне 500 нан пісіріліп, сатылымға шығарылса, күріш ақтау зауытының қуаттылығы тәулігіне 20 тонна күріш өңдеуге жетеді. Зауытқа кореялық диірмен орнатылған. Мал бордақылау алаңында 18 адам жұмыс істейді. Аймақ басшысы аудан әкімі Асылбек Шәменовке кәсіпкерлікті дамыту бойынша тұрғындарға қолдау көрсетуді жүктеді.
Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Таң LTD» ЖШС-ның күріш дәнін себу рәсіміне қатысты. Ауыл шаруашылығы экономиканың дамуын қамтамасыз ететін басты салалардың бірі екенін айтып, қамба мол өнімге толуына тілек білдірді.
Шара соңында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Садық Әлиев елдің ризығы мол болып, егін бітік шықсын деп батасын берді.
Сондай-ақ, стенд арқылы Таң ауылдық округінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары таныстырылды. Ауылдың орталық алаңына арка орнату, брусчатка төсеу, тал егу, ескерткіш орнату, жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу, көшелерді асфальттау секілді ауқымды жұмыстар атқарылған. Мұнымен қоса, «Таң LTD» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 50 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Аймақ басшысы Аламесек, Жаңадария ауылдарына да барды. Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектептің, Жаңадария ауылдық округіндегі №203 орта мектептің жұмысымен танысты. Мектеп ғимараттарында тұрғындармен тілдесіп, коронавирус індетіне қарсы шараларды күшейтудің маңыздылығын айтты.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Сырдария ауданында жалғасты. Өңір басшысы бірқатар нысандарды аралап, індетпен күрес барысын бағамдады. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады.
Ең алдымен Іңкәрдария ауылдық округіндегі «Ақжарма және К» ЖШС-ның егістік алқабына барды. Ауылдық округтегі «Ақтам» каналы бойынан экологиялық таза бақша дақылдарын өндіру технологиясы аясында 5 гектар жерге қауынның «Қара күләбі» сортын өсіру қолға алынды.
Бұл ретте «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институты егістік жерді тегін биотыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, негізгі зиянкестерге қарсы кешенді күрес жұмыстарын жүргізеді.
Мұнан кейін облыс әкімі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Автомобиль жолының 15 шақырымы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында орташа жөндеуден өтсе, 2,5 шақырымы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жаңғыртылған.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы аудандағы коронавирус инфекциясымен күрес шараларына жете мән беріп, ауруханаға арнайы барды.
Емдеу мекемесінде тұрғындарды вакциналау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, медицина қызметкерлерінің дайындығын пысықтады.
Аурухана 110 төсек-орынға арналған. Бүгінде 50 орындық инфекциялық стационар жұмыс істеуде. Індет күшейген жағдайда қосымша 100 орын дайындауға мүмкіндік бар. Қауіпті індеттен сақтану үшін 500 тұрғынға вакцина салынған.
Облыс әкімі індетпен ауырғандардың тіркелу көрсеткіші Сырдария ауданында жоғары болғандықтан, сақтық шараларын қатаң ұстауды, тұрғындарға вакцина салуды кешенді түрде түсіндіру қажет екенін атап өтті.
Аймақ басшысы бірқатар білім беру ұйымдарын аралады. С.Сейфуллин ауылындағы №137 мектебі мен «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасындағы оқу-тәрбие процесін бақылады. 90 орындық тәрбие ұясында 85 бала тәрбиеленуде. Облыс әкімі дәстүрлі түрде оқитын балалардың қатаң санитариялық талаптарды сақтап, топтасып шоғырланбауын ескертті. Әрі қарай ауылдық клубтың жұмысымен танысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын таразылады. Сонымен бірге ардагерлермен кездесіп, пікірлесті.
Мұнан кейін А.Тоқмағанбетов ауылындағы №135 орта мектептің жұмысымен танысып, оқу процесін көрді. №135 мектептің бірінші қабатында орналасқан «Инклюзивті білім беруді қолдау» кабинетін аралады. Мұнда спорттық-жаттығу залы қайта жаңғыртудан өткен.
Облыс әкімі нысандарды аралау барысында Асқар Тоқмағанбетов ауылындағы жер үлескерлерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ауылдың бірлігін сақтауда екі тараптың ұсыныстары заң аясында жан-жақты қаралып, тиісті сот шешімі қабылданатынын жеткізді.
Әрі қарай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын 3 тұрғын үй құрылысын көрді. Жаңадан бой көтеретін 1 тұрғын үйдің жалпы ауданы 67,4 шаршы метр, ені 9,50 метр, ұзындығы 9,60 метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысы маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Облыс әкімі Сырдария ауданындағы жұмыс сапарының қорытындысында Тереңөзек кентіндегі орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын көрді. Алаңда 79 көшет пен гүлдің бірнеше түрі отырғызылып, замауани үлгідегі жарықшамдар орнатылатын болады. Сондай-ақ, қазақы ою-өрнектегі тастөсеніштер төселеді. Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарына 83,4 млн теңге қаржы бөлінген.
Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс орындарын көбейту, індетпен күрес қарқынын күшейту, вакцина салуды белсенді жүргізу сынды маңызды жұмыстарды өз деңгейінде орындауды тапсырды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<