Биылғы меже – 644,7 мың шаршы метр

387

0

Биыл облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2269 пәтерлі 148 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Соның ішінде жыл соңына дейін ауданы 112,2 мың шаршы метр болатын 1686 пәтерлі 104 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда тұр.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында осы жылы жалға берілетін 662 пәтерді құрайтын 16 үй пайдалануға беріледі. Олар сол жағалаудан 12 және Шиелі кентіндегі 4 үй. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілсе, 430 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларына табысталатын болады, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Сонымен бірге, биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды кредиттік үймен қамтамасыз ету үшін 38 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұған қала ішіндегі «СПМК-70» тұрғын ауданынан 13 (суретте), Шиелі ауданынан 25 үй кіреді. Ал жыл соңына дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 111 пәтерді құрайтын 43 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Аталған бағдарлама арқылы Сырдарияда 36 пәтерлік 2, Жалағашта бір қабатты 20, Қармақшыда бір қабатты 19 және Жаңақорған ауданында 36 пәтерлік 2 үй уақытында өз иелеріне тапсырылатын болады.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<