Дәулеттің дүрілдейтін кезі келді

835

0

Қызылордалық еркін күрес шебері Дәулет Ниязбеков бүгін боз кілемге шығады. Шағын ауылда туып, осындай ең басты байрақты бәсекеде бір емес екі мәрте күш сынасу бақыты бұйырған Дәулет туралы айтар сөз көп.

– Мен Жаңақорған ауда­нын­дағы спорт мектебінде қызмет атқаратын едім. Жетінші сыныпта оқыған кезінде Дәулет маған еріп жұмысқа барып жүрді, – дейді анасы Гүлзада Шайдарова. – Сол жерде жаттығу жасаған балаларға сырттай қызыға қарайтынын аң­ғардым. Бапкер Әбутәліп Аманов оны шәкірттер қатарына қосты. Осылайша баламның спорттағы үлкен жолы басталды. Содан бері тынбай еңбектенді. Қажыған жоқ. Бапкерінің әрбір айтқан кеңесін зердесіне түйіп, мақсатқа жету жолында өзін-өзі аямады. Бүгінге дейінгі табыстарының барлығы сол еңбекқорлығының арқасы деп білемін. Әбутәліп ағамыз да қай кезде де қасынан табылады. Дәулет балам әлем чемпионатында күміс пен қола алса, Азия чемпионатында талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.

Ел біріншілігінде сан мәрте алтыннан алқа тақты. Ендігі меже – Олимпиада медалі. Токиоға аттанар алдында балам ел намысын абыроймен қорғауға бар күшін салатынын айтқан еді. Жолы болып, сол биіктен көрінсе деймін. Қазірге дейін Дәулеттің белдесуін тікелей эфирде көрген емеспін. Анасымын ғой, оған жүрегім шыдай бермейді. Жеңіске жеткенін балаларым айтып жатады. Отбасында баламнан өзге спортшы жоқ. Дәулеттің әкесі – Шора ұзақ жылдар бойы Жаңақорған ауданында механизатор қызметін атқарды. Биыл зейнет демалысына шығады. Бауырлары – Мөлдір, Жанар, Несібелі, Айнұр түрлі салада еңбек етеді. Дәулеттің өзі отбасылы, үш баласы бар. Үлкені – Райана гимнастикамен айналысса, екіншісі – Әзиз суға жүзумен шұғылданады. Үшіншісі әлі кішкентай. Келінім банк саласында қызмет жа­­сайды.

Қайсыбір бапкер бол­масын шәкіртінің шыңға шығуына тілектес. Өйткені әрбір же­ңісте оның еңбегі жар­қырайды.

– Мен оны спортқа алғаш келген кезінен білемін. Қай кезде де жерге қаратқан емес. Әрбір белдесуіне тас-түйін дайындықпен келеді. Қазірге дейінгі жетістігі сол қасиеттерінің арқасы. Олимпиадаға екінің бірі бара алмайды. Еліміздің белгілі мамандары Дәулеттің еңбегін жоғары бағалайды. Қашанда оны Ұлттық құрама қатарына, сан алуан сайыстарға қосып жүр. Бұл Дәулеттің тәжірибесі толыса түскенін көрсетеді. Осы жолы Олимпиадада аталған салмақта сынға түсетін балуандардың барлы­ғы дерлік Дәулетке жақсы таныс. Десе де, осал қарсылас жоқ. 

Сондықтан Дәулет әрбір белдесуіне үлкен жауапкершілікпен қарайды деген ойдамын,  – дейді Дәулеттің жеке бапкері Әбутәліп Аманов.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<