Дүлей дүмпудің дүрмегі

396

0

«Апат айтып келмейді» деген рас. 26 тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, тағы да алапат жарылыс болды. Бастапқы кезеңде өртті сөндіруге 500 адам жұмылған. Кейін олардың саны мыңға, өрт сөндіру машиналарының саны 24-ке жеткен. Жалпы 10-нан астам жарылыс болған. Дүлей дүмпу бейқам отырған жамбылдықтарды дүрліктіріп, үй-жайын тастап қашуға мәжбүр етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орын алған алғашқы сәттен бастап тапсырма берді. Оқиға орнына облыс әкімі, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері, Ішкі істер вице-министрі дереу жетті, өрт салдарын жою жөніндегі жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Сол күні темір жол қатынасы да уақытша тоқтатылған болатын және таяу маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Жер­гілікті тұрғындар аман-есен. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, оқиғадан кейін Тараз қаласының №1 қалалық ауруханасына түрлі жарақатпен түскен адамдардың саны 100-ге жақын. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты.

Кеше Президент оқыс оқиғаға байланысты шұғыл жиналыс өткізіп, төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Тағы бір маңызды мәселе ретінде апаттың басты себебін анықтауды тапсырды. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін атап өтті. Мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысының Королевка кентіндегі әскери қоймаға ең жақын орналасқан 3 елді мекенде мыңнан астам адам тұрады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойын­ша олардың 710-ы облыс орта­лығына эвакуацияланған. Ма­ман­дардың өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан деген болжамы бар. Олардың айтуынша, осыдан бірер жыл бұрын Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін аталған қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылған.

Бұл жайт барша елді абдыратты. Шынында, берекелі бейбіт күнде тағы еңсе түсірер алапаттың орын аларын кім білген?! Жаратқан Жамбыл жұртына жар болсын! Қазір көптің тілеуі – осы.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<