Егінжайдағы еңбек екпін алды

795

0

Облыс бойынша биыл 188,2 мың гектар егiн егу межеленіп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 84 мың гектардан асады. Ал, жалпы дәнді дақыл 96,6 мың, майлы дақыл 6,7 мың, малазықтық 66,4 мың гектарға егіледі деген жоспар бар. Бұдан бөлек, 18,5 мың гектар картоп, көкөнiс, бақша дақылдары егіледі. Биылғы межеде 98 гектар соя, 40 гектар қант құмайы және 66 гектарға жеміс-жидек, жүзім отырғызу да жоспарға енген.

Қазір еңбеккерлер дала қосының шаруасын қыздырып жатыр. Жаңа жоңышқа, мақсары, жаздық бидай мен арпа, сұлы, қант құмайы толық егілді. Ал, соя, жүгері, картоп пен көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары аяқталуға жақын.

Сырдың басты дақылы – күріш егу 23 сәуірде басталды. Бүгінге дейін 38478 гектар жерге дән себілген. Оның 28579 гектары суға бастырылды. Мұнда да жұмыс қарқынды.

Айта кету керек, егістікке қажетті тұқым толық қамтамасыз етілген. Ал минералды тыңайтқыштың 90 проценттен астамы, қажетті гербицидтердің 24,7 мың тоннасы сатып алынған.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникалары толық дайын болды. Биыл көктемгі егінге 12,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Шаруа­шылықтарға жанар-жағармайдың литрі 164 теңгеден таратылып жатыр.

Өткен жылы бекітілген ауыл шаруа­шылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес егінді тұрақты суаруға  4,2 млрд текше метр су қажет.

9 мамырдағы мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына бар болғаны 85 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,6 млрд текше метрді құрап, төменгі ағысқа секундына 250 текше метр су босатылуда. Ал «Көксарай» су реттегішінде 1,6 млрд текше метр су жиналған. Енді «Шардара» мен «Көксарайды» қосқанда 6,2 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41 млн текше метрге аз.

Әу бастан Сырдың суы тапшы болады деп болжанды. Соған сәйкес күріш көлемі 5 мың гектарға қысқартылғаны белгілі. Енді оның орнына суды аз қажет ететін 9 мың гектар дақылдар егілуде. Бұл – әртараптандыру мақсатындағы әрекет.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<