Екі жарым мыңға жуық отбасыға көмек көрсетілді

496

0

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы басталғалы облыста 2410 отбасына көмек көрсетілді. Президент бастамасымен қолға алынған марафон ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылуда.

– Сыр еліндегі игі істер марафонына үлес қосушылардың қатары артып келеді. «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне облыстық басқармалар мен қала әкімдігі тарапынан 700 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілсе, кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері 300 отбасыға азық-түлік өнімдерінен құралған әлеуметтік пакеттерді таратты. Ал «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен 1000 отбасына, «Зекет» қайырымдылық қоры өңірдегі жамағатпен бірлесіп аз-қамтылған, мұқтаж 400 отбасына азық-түлік себеттерін үйлестірді. «ҚазГерМұнай» компаниясы ұсынған жарамды компьютерлерді әлеуметтік тұрмысы төмен 10 отбасыға табыстадық, – деді «Волонтерлер фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Айта кетейік, «Волонтерлер фронт-офисінің» еріктілері облыстық Жастар ресурстық орталығы жанындағы әлеуметтік дүкеннен тұрмысы төмен 33 отбасы азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар және үй жиһаздарын табыстады. Демеушілердің қолдауымен Қызылорда тазалығының 25 жұмысшысына күріш үлестірді. Сонымен қатар, «Ел-Арай» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, өрттен зардап шеккен Ягодка, Сабалақ саяжайының тұрғындарына тұрмысқа қажетті тауарлар, киім-кешек, төсек-жабдықтар мен ыдыс-аяқтар табыстады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<