Ел асып еңбек ету мәжбүрлік пе?

547

0

Жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 16 мыңға жуық шетелдік жұмыс істеп жүр. Бұл – 1 шілдедегі ресми мәлімет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында сырттан келетін мамандарға жыл сайын квота бөледі. Оның биылғы мөлшері – жұмыс күшіне шаққанда 0,31 процент немесе 29,3 мың адам. Елге Қытайдан (3782), Өзбекстаннан (1953), Түркиядан (1633), Үндістаннан (1051), Венгрия (992) мен Ұлыбританиядан (959) ағылатындар көп. Шетелдік жұмыс күші басшылар және олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, мамандар мен жұмысшылар сияқты санаттарды қамтиды. 2 мыңға жуық адам маусымдық жұмысты жөн көрсе, тағы осынша адам корпоративтік ауыстыру тәртібімен тартылған. Осы күні Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1793 жұмыс беруші бар. Дегенмен, онда тер төгіп жүргендердің 97 проценті – отандастарымыз.

Министрліктің мәліметінше, еңбек мигрант­тарының саны 2021 жылдың көктемінен бері 10 процентке өскен. Оның әрбір төртіншісі – қытайлық. Жұмыс істеу үшін рұқсат керек етпейтін Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің тұрғындарын есепке алмағанда, сырттан келетіндердің күрт кемуі өткен жылдың басында көрініс берді. Сол кезде Президент тапсырмасымен квота көлемі 43 мыңнан 29 мыңға немесе 40 процентке бір-ақ қысқарды. Пандемия кезінде ішкі нарықты қорғау осылай ғана мүмкін еді. Әйтсе де, отандық жұмыс берушілердің өзі шетелдік мамандарды тартуға онша құлық таныта қоймапты. Мысалы, 2020 жылдың басындағы өтініш саны 19,1 мың болса, биыл 1 қаңтарда ол 14,6 мыңға азайған. Бірінші тоқсанда тағы 600 бірлікке түсті. Статистикадан жағдайдың мамыр айында ғана оңалғанын байқау қиын емес. Көктемдегі көрсеткіш 15,4 мыңға жеткен.

Мигранттардың үлкен бөлігі қытайлықтардың үлесінде. Аспанасты елі тұрғындарының еңбегі құрылыс, кен өндіру және өңдеу өнеркәсіптері салаларында өтімді болып тұр. Сауда-саттықпен айналысатындар өте аз – барлық қытайлық экспаттың небәрі 4 проценті. Алатақиялы ағайындар көбіне ауыл, орман және балық шаруашылығының, құрылыстың айналасында. Түркиялықтар өздерін негізінен құрылыс индустриясында дәлелдеп келеді. Ал ағылшындарға әкімшілік әрі қосалқы, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет бағыттарында сұраныс бар.

Халықаралық көші-қон ұйымының 2020 жылғы қорытынды мәліметіне қарағанда, әлемдегі әрбір бесінші адам туған жерінде тұрақтамайды екен. 2000 жылы дүние жүзіндегі мигранттар саны 173 млн шамасында болса, 2019 жылы 172 млн-ға жеткен. Демек, бұл – шекара таңдамайтын шетін мәселе. Еңбек мигранттары көбіне уақытша, заңсыз әрі кепілдік уәде етілмеген жағдайда нан тауып, нәпақа айыруға мәжбүр. Ал бұл қауіпсіздік, жұмыссыздық мәселелерін туындатады. COVID-19 пандемиясымен байланысты дағдарыс аталған тәуекелдерді тек тереңдете түсті. Әсіресе, біліктілігі болмаған соң азғантай айлық жалақыны қанағат тұтып үйренген әйелдер жағы әлеуметтік қорғау немесе басқалай қолдау шараларынан қағылды.

Пандемияға дейін Қазақстанға Орталық Азия­дан миллионға жуық мигрант келді. Кейбір жұмыс берушілердің салық төлегісі, визамен жүріп-тұру тәртібіне бағынғысы келмейтіні себепті бұл – болжамды цифр ғана. Қазақстан Орталық Азияда алатақиялылар үшін нан табуға қолайлы жер болып тұр. Кейбір дерек көзіне сүйенген Azattyq олардың саны пандемия алдында 360 мыңдай болғанын алға тартты. Коронавирус кеңінен тарап, шекаралар жабылған кезде де олардың бері қарай өтуі толастамаған.

Өзбекстанның экономика және кедейшілікті қысқарту министрлігі биыл қаңтарда 209300 адамның осында болғанын мәлімдеді. Қонақжай қазақ құшағына одан басқа қырғыз бен тәжікті де сыйдырып келеді. Көршілес ел өкілдері Қазақстанның тартымдылығы ретінде мемлекеттердің менталитет, тіл, мәдениет жағынан ұқсастығын, сонымен қатар жұмысқа орналасу талаптарының қарапайымдылығын атаған. Мысалы, Ресейде орыс тілі және тарихы бойынша емтихан тапсыру керек болса, бізде ондай шарт жоқ. Екі қолға бір күрек іздегендер пандемия тұсында Ресейде әуе билеті мен жұмыс істеуге рұқсат беретін патенттің қымбаттауына да байланысты Қазақстанға құстай ұшқан.

Біздің өңірде де құрылыс басында өзбектерді көбірек көзіміз шалатыны рас. Облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасының мәліметі де мұны айғақтайды. Бүгінде Қызылордада еңбек етіп жатқандардың 80 проценті ауылы аралас, қойы қоралас елден.

– Жыл басынан бері 2138 шетелдік аймаққа әртүрлі мақсатпен келіп, уақытша тіркеуге алынды. Оның 1540-ы – достастық елдерінен, 107-сі – алыс мемлекеттерден. Ал 9786 азаматқа қатысты рұқсат рәсімделді. Олардан жергілікті бюджетке салық төлемі ретінде 162 млн 429 мың теңге түсті, – дейді басқарма бастығының орынбасары Сағындық Қамитбеков.

Сырттан келгендердің бір жылға дейін жұмыс істеуіне рұқсат. Бірақ ережені елемегендер, тәртіптен аттағандар аз кездеспейді. Есепті кезеңде шетелдік немесе азаматтығы жоқ 552 адам заң талабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал азаматтығы жоқ адамдарды қабылдағаны үшін 299 жергілікті тұрғын айыппұл төледі. 53 шетелдік әкімшілік жолмен республика аумағынан аластатылды.

Еткен еңбек, төккен тері үшін тапқанының бір бөлігін мигранттар отанындағы отбасына жіберетіні анық. Осы жылғы сәуірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға қаржылық жүйе арқылы 35,6 млрд теңге жөнелткен. Бұл бергі жағы ғана болуы мүмкін. Өйткені олар ресми ақша аударымы арналарын қолданбай-ақ үйіне қолма-қол апаруы немесе жақын-жуығынан беріп жіберуі ғажап емес.

Енді «өзбек немесе қытай істеген жұмысты қазақ алып жүре алмай ма?» деген сұрақ туын­дайды. Әлде бұған жоғары жалақы талап ететініміз түрткі ме? «Қазақ қара жұмысқа епсіз» деп өзімізді қашанғы өзекке тебе береміз? Әйтпесе, отандық кәсіптік оқу орындарының жылда жұмысшы дайындап шығаруының кемі жоқ. Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, жергілікті 30 колледжде еңбек нарығына қажет 100-ге тарта мамандық бо­йынша 20 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша колледж бітірген 4 мыңнан астам студенттің 85,1 проценті жұмысқа орналасыпты.

Осы шамалас көрсеткішке М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі де қол жеткізді.

– Өткен оқу жылында 200-дей шәкірт бітірді. Тағы осынша баланы оқуға қабылдау жоспарланып отыр. Бізде 14 жұмысшы мамандығы бойынша шәкірт тәрбиеленуде. Оның ішінде автослесарь, дәнекерлеуші, автокраншы болғысы келетіндер жетерлік. Материалдық-техникалық базаның нығаюы мен ұстаздардың біліктілігі кәсіби маман қалыптастыруға септігін тигізеді. Бізде бұл қажеттілік толық жасалған, – дейді колледж директоры Бақыт Кенбаев.

Өндірістік тәжірибе кезінде еңбекке бейімділігін көрсете білгендерді жұмыс берушілердің өзі аттай қалап алады екен. Колледж басшысы шәкірттердің түгел дерлігі ауыл балалары, шаруа отбасынан шыққандардың қимылы ширақ екенін, қара жұмыс деп қымсынбайтынын айтты. Иә, кейбір ата-ана ұл-қызының кірпіш құйып, кран айдап, комбайн жүргізгенін ұят көреді. Әйтпесе, барлығына бірдей кеңселік жұмыс қайдан табылсын?!

Мәселенің бір ұшын әлгінде шығардық. Мардымсыз жалақыны місе тұтпайтынымыз бар, жасырып қайтейік?! Соңғы жарты жылда Қазақстанға көшіп келгендерге қарағанда көшіп кеткендер көп екен. Тәуір табыс, жақсы өмір іздегендер көбіне Ресей мен Оңтүстік Кореяны таңдайды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Сыртқы істер министрлігіне Оңтүстік Кореямен келісіп, еңбек визасын алу тәртібін жеңілдету жолын қарас­тыруды ұсынды. Бұл отандастарымыздың аман­дығы мен заңды еңбек етуіне кепілдік болар еді.

– 2014 жылы қазақстандықтарға виза беруді алып тастағалы бері заңсыз еңбек мигранттарының саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мыңға көбейді. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті ер адамдар көп, – деді депутат.

Тепсе темір үзетін азаматтарымыздың бұлай ел асуы қалыпты жағдай ма әлде дабыл қағарлық па? Қалай десек те, біз қолда бардың қадірін білмей отырған сияқтымыз. Әйтпесе, кім өз елінде ұлтан болғысы келмесін?!

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<