Уақыт алға жылжыған сайын өмірден өткен аяулы жандардың орны айқынырақ сезіледі. Биыл білікті құрылысшы, ел дамуына сүбелі үлес қосқан азамат Молдабаев Марсбек Рүстемұлының дүниеден озғанына бес жыл толып отыр. Оның жарқын бейнесі мен ерен еңбегі ел жадында сақталып, әріптестері мен замандастарының жүрегінде мәңгілік орын алды.
Марсбек Рүстемұлы 1963 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келді.
Оның өмір жолы – ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің, жауапкершілікті азаматтық парыз деп ұғынудың өнегелі мектебі іспетті. Адамның қадір-қасиеті уақытпен емес, артында қалған ісімен өлшенетіні рас болса, Марсбек Рүстемұлының қалдырған ізі – кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар боларлық тағылым.
Еңбек жолын құрылыс саласымен тығыз байланыстырған ол облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас маманы, аға инженері қызметтерін атқарды. Ал 1994-2003 жылдары қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында маманнан бастап, бас инженер, басшының орынбасары лауазымдарына дейін көтеріліп, кәсіби тәжірибесін шыңдады.
2004-2006 жылдары қалалық тұрғын үй коммуналдық жол және көлік шаруашылық бөлімінің бастығы секілді маңызды міндеттерді абыроймен атқарды. 2008-2011 жылдары Шиелі кентінің әкімі ретінде елді мекеннің дамуына үлес қосты. 2011 жылдан бастап Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарып, қаланың инфрақұрылымын дамытуға сүбелі үлес қосты.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жүрген уақытта аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, игі істерге бастамашылық жасады.
Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ол қарапайым еңбек адамының жолынан өтіп, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жауапты қызметтерге көтерілді. Қай қызметте болмасын адалдықты ту етіп, өз ісіне деген жауапкершілікті бірінші орынға қойды.
Өмірінің соңғы белесінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып, саладағы жоғары кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсетті.
Құрылыс саласының жүйелі дамуына қосқан үлесі, сапа мен тәртіпке негізделген талапшылдығы – әріптестері үшін әрдайым үлгі болды. Ол басқарған ұжымдарда іскерлік пен ұйымшылдықтың, жауапкершілік пен сенімнің берік қағидаттары қалыптасты.
Марсбек Рүстемұлы тек білікті басшы ғана емес, адамгершілігі мол, жүрегі кең жан еді. Қарапайымдылық пен кішіпейілділікті өмірлік ұстанымына айналдырған ол айналасына қамқорлық танытып, жастарға жол сілтеп, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Бүгінде сол сенім үдесінен шығып жүрген шәкірттері – ұстаз аманатына адалдықтың айғағы.
Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Марсбек Рүстемұлы Молдабаевтың жарқын бейнесі мен өнегелі өмір жолы ел жадында мәңгі сақталатыны хақ.
Артында қалған ұрпақтары мен жақындарына амандық тілей отырып, асыл азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы пейіштің төрінде шалқысын деп дұға етеміз.
Мұрат ТЛЕУМБЕТОВ,
облыстық мәслихат төрағасы





