Аймақ басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасымен кездесті

9

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесті. Кездесуде өңірдегі мұнай өндірісінің қазіргі әлеуеті, шикізат өндірісін ілгерлету жобалары талқыланды.

«Аймақтағы мұнай компаниялары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында маңызды мәселелерді шешуге, жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп келеді. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы ауқымды жұмыс атқаруда. «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд. 500 млн. теңгеге заманауи Оқушылар сарайы салынып, пайдалануға берілді. Осы орайда, Сыр жұртшылығының және Өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақ басшысы газ тапшылығының алдын алу үшін өңдеу қондырғысын қысқа мерзімде іске қосудың, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаудың маңызына тоқталды.

Қазіргі уақытта Үкімет газ тапшылығына жол бермеу үшін газ кен орындарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. 2022 жылы «Казпетрол групп», «Тұзкөлмұнайгаз» және «Қазгермұнай» арасында «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газды өңдеу зауытына дейін жеткізу үшін газ құбырын тарту бойынша Энергетика министрлігімен меморандумға қол қойылған.

Өз кезегінде Асхат Хасенов облыс басшылығына алғысын, әріптестік қарым-қатынас орнату ниетін білдірді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі