Қажымұқан – қазақтың халық батыры

468

0

Дүниежүзінің 30-ға жуық мем­лекетін аралап, мойнына 56 медаль тағып, әлем чемпионы деген атақты тұңғыш иеленген қазақ Қажымұқан Мұңайтпасұлы құжат бойынша 1871 жылы қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Ал, зерттеушілердің бір тобы оны Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында 1883 жылы дүниеге келді деп санайды. Біз біраз деректерге сүйене отырып, палуанның туған жеріне емес, туған жылына қатысты бірінші нұсқаны дұрыс деп ойлаймыз. Алайда, бір нұсқада қалу үшін ел аузындағы мына бір сөзді айта кетуіміз керек.

Жергілікті жұрттың айтуынша, пал­уан атамыз қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Шілік өңірінің солтүстік-батыс беткейіндегі «Қаратөбе» деп аталатын елді мекенде дүниеге келген. Заманында ол маңды Қыпшақтың Ұзын тармағынан тарайтын Алтыбас аталығының ұрпақтары жайлапты. Осындағы ескі қорымда Мұңайтпастың әкесі Ернақ атаның да мазары бар екен.

Отырар ауданының құрметті азаматы Нұрғали Сарыпбекұлының «Бала кезімізде бұл қорымдар туралы Ернақ деген кісінің мазары, ол Қажымұқанның аталары» деген сөзді қариялардың айтып қалатынын еститінбіз», – деп еске алуы шындыққа жақындата түседі. Сондай-ақ, осы кісі ауыл ақсақалдарынан оқулықтар мен кітаптарда жүрген «Қажымұқан терістік өңірде туылды» деген деректің мәнін сұрағанда: «Жаза берсін, туыстары біз білеміз бе, сыртта жүргендер біле ме?» – депті олар. 

Ел ішінде мынадай да бір әңгіме бар. Шілікті мекендеген Ахмет деген мықты бір би болған көрінеді. Мұңайтпас атамыз сол бидің атын бағушысы, баптаушысы екен. Ол кезде кімде жақсы ат бар, күші жеткендер барымта жасап ала берген. Іздеушісі әлсіз болса, алғанын өз малына сіңіріп жіберген. Қаратаудың қойнауында, яғни, қазіргі Бәйдібек ауданы аумағында, Ысты руының Тазша аталығынан тарайтын бір бидің тұрқы сұлу, қара оздырмайтын жүйрік қаракүрең айғырының атағы алысқа кетіпті. Оның үйірін басқаға сенбей қасына үш-төрт мықты жігіт ертіп, түнемелік бидің өзі күзетеді екен. Сол биің талай палуанды жығып, талайды ат үстінен алып ұратын мықты болыпты. Атақты жүйрікке көңілі түскен Ахмет би қайраты мол Мұңайтпасты барымташылыққа жұм­сапты. Мұңайтпас қаракүреңді үйірімен қоса айдап әкеліпті. Артынан Тазшаның биі қарулы жігіттерімен қуғындап келіп: «Із сенің ауылыңа кірді. Үйірін алып қалсаң да, қаракүреңімді қайтар, болмаса екі елдің арасы бүлінеді», – деп айбат көрсетеді. Бір үйір жылқыға қызыққаны ма, әлде шынымен сескенді ме, би жігіттерін жинап, қуғыншыға: «Осылардың ішінен барымташыны танысаң, маған көрсет», – депті. Қуғыншы Мұңайтпасты тани кетіпті. Ахмет сонда: «Мұны мен жұмсаған жоқпын, ел арасын бүлдірген мынаған қырық дүре соғыңдар!», – деп бұйырыпты, аяқасты сөзінен тайып. Сол кезде қуғыншы би: «Ахмет, көрдің бе, мына қанталаған мо­йынымды! Бұл жігіттің қол-аяғымды байлап тастап кетпей, өлтіріп кетуге де шамасы жетіп еді. Күші менен басым болды. Қаракүреңді үйірімен Құдай алдында ризашылығыммен осы жігітке қалдырдым. Малым – жанымның садақасы», – деп Мұңайтпасқа батасын береді. Сонда Тазшаның мәрт биі жылқы қуып емес, өзінен басым түскен мықтының кім екенін көруге келген екен.

Осы оқиғадан соң ашуға мінген Мұңайтпас: «Қазақтың кең даласынан өзіме лайықты ел табылып қалар» деп әйелі мен екі жасар Мұқанын қаракүреңге мінгестіріп, Арқадағы қыпшақтарды бетке алып, түнделетіп жүріп кетеді. Сол кеткеннен сонда орнығып қалса керек. Ел аузындағы сөз осылай дейді. Қисыны бар. Біздің пайымдауымызша, Ақмоланың адам санын қағазға тізушілері әлі кішкентай Мұқанды сол жақта туды деп есептеп, жазып жіберген сияқты.

Қажымұқан жастайынан бай­ларға жалданып, ауыр жұмыс істе­ген. Біз оның сол кездегі атты үстіне артып алып, шөп тиеген шананы өзі сүйрететін оқиғасын мектеп оқулығынан, дәлірек айтқанда, Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажы­мұқан» кітабынан білеміз. 

1888 жыл шамасында Ақмолаға Санкт-Петербургтан цирк келеді. Циркті көруге жас Мұқан да барған. Сол цирктің қожайыны Мұқанның білек күшін байқап, циркте өнер көрсетуге үгіттеп, Санкт-Петербургке шақырады. Осылайша, оның атақты палуандармен бірге дүниені аралауына жол ашылады.

Бізге мектеп оқушысы кезімізде палуанның шын аты Мұқан, жұрт оның жастайынан танылған қажырлылығына қарап, «Қажырлы Мұқан» десе керек, бертін келе бұл сөз қосылып, Қажымұқан болып қалыптасқан деп түсіндірді. Шынында, бұл –  қате. Дінге сенбейтін кеңес дәуірінде «қажы», «қажылық» сөзі айтылмайтын.

Мұқан Мұңайтпасұлы дүниені аралап жүріп, 1909 жылы Түркияда түріктің ең атақты палуаны Нуруллахты жеңеді. Сөйтіп, Стамбұл билеушісі Шәкір пашаның назарына ілінеді. Ол жұмбақ «орыстың» мұсылман тегінен екенін біліп, оған қажылыққа бірге бару жөнінде ұсыныс айтады. Мұқан бұл ұсынысты бірден қабылдаған. Осылайша, қажылық парызын өтегеннен кейін оның есіміне «қажы» деген мәртебе қосылған. Содан оның Қажымұқан есімімен атағы шыға бас­тайды. Палуанның мұнан да басқа – «Ямагата» «Муханура», «Қара Иван», «Қызыл маска», «Қара Мұстафа» деген бірнеше лақап аты болған. «Қара Иван» деген лақап аты – Иван Поддубный, Иван Зайкин және Иван Шемякинмен бірге өнер көрсеткен кезінде таңылған, сөйтіп, олар «Төрт Иван» атанған.

Қажымұқан алғашқы ірі жетістігіне 1905 жылы қол жеткізген. Харбинде өткен жарыста ол «джиу-джитсу» күресінен алтын медаль жеңіп алады. Осы додадан кейін  Маньчжурия чемпионы деген атаққа ие болады. Ал, бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста топ жарған. Швецияның Гётеборг қаласында өткен француз күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағады. Сөйтіп, осы күрес бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болады.

Қазақ палуанының жапон палуаны Саракики Джиндофумен болған жекпе-жегі ауыздан ауызға тарап, барлық жерде аңыз болып айтылады. Бір қынжыларлығы, ол кезде Қажымұқанды «қазақ палуаны» демеген, орыс деген. Айтқысы келген біреу болса ара-тұра «киргиз» деп атаған. 1911 жылы Харбин қаласында өткен француз күресінен ресми чемпионат аяқталғаннан кейін Саракики кілемге шығып, джиу-джитсудан кез келген палуанды жеңе аламын деп жиналған спортшыларды жекпе-жекке шақырады. Сонда Ресейден келген атақты палуандар жауап қатпайды. Намысы келген Қажымұқан мен күресемін деп ортаға шыққан. Қажымұқанның орыс жолдастары: «Шықпа, ол адам өлтіруге баратын айуан ғой, оның үстіне сен джиу-джитсудің әдістерін жақсы білмейсің», – дейді. Қажымұқан одан қаймықпайды. Жекпе-жек кезінде Саракики қазақ палуанының құлағы мен астыңғы ернін жыртып жібереді. Соған қарамастан, Қажымұқан жапон палуанын алып ұрып, жерге жығады. Осы жекпе-жектен кейін Саракики қайтыс болған. Біреулер жүрегі тоқтап қалды десе, енді біреулер жынданып өлген дейді.

«Біздің арамызда өз дене бітімімен және күшімен қырғыз пал­уаны Қажымұқан ерекшеленеді. Оның иығы кең, орасан зор күші және ұзын қолдары болды, ол күресте өте маңызды… Палуандардың көпшілігі одан қорқатын және күреске түскісі келмейтін», – деп жазыпты әйгілі палуан Николай Турбас өзінің 1958 жылы жарық көрген «На арене цирка» деген кітабында. Николай Турбастың айтып отырған палуандары кімдер және оның өзі кім, осы жөнінде де аз-маз деректер келтірсек те болады. 

Николай Турбас өз күшін үш адамды жіпке қосақтап, жерден бір саусағымен көтеріп көрсеткен. 1900-1940 жылдар аралығында дүниеге аты мәшһүр палуандардың басы саналған Иван Поддубный француз күресінен 6 мәрте әлем чемпионы атанып, 33 жыл бойы ешкімнен жеңілмеген. Сол кездерде атағы шыққан үш Иванның бірі Зайкиннің күштілігі сонша, сом темірді шыбықша иген. Оның иген темірі қазір Париж музейінде тұр екен. Ал, Иван Шемякин 22 палуанмен кезек-кезек бір мезетте күресіп, 19 минутқа жетпей бәрін жыққан. «Темір Самсон» деген атпен танылған Александр Засстың «Егер кімде-кім менің ішімнен ұрып, тіземді бүксе, оған 25 фунт-стерлинг беремін. Бұл бәске кәсіби боксшылар да қатыса алады» деген жарнамасы көп жыл циркпен бірге жер-жерге көшіп жүрген. Бірақ, бұл талаптан ешкім шықпаған. Міне, біздің Қажымұқан атамыз осы палуандардың ешқайсынан жеңілмеген. Оны жаңағы Турбастың «… одан қорқатын және күреске түскісі келмейтін» деген сөзі дәлелдеп тұр. Осылардың бәрі Саракикиден сескеніп қалғанда, Қажымұқан атамыздың қасқайып қарсы шыққаны оның аруақты палуан болғанын көрсетеді.

Атамыздың күрестен алған небір медальдары сақталмаған. Мәселен, Қажымұқан палуанға 1910 жылы Персия шахы «Алтын арыстан мен күн» деген медаль таққан. Саракики Джиндофуді жеңгені үшін  Маньчжурияның «Қайырымдылық» орденін алған. Бұлардан басқа да мемлекеттердің бірінші басшылары берген марапаттар көп болған.

…1927 жылы Қазақстан Орталық атқару комитеті Қажымұқан Мұңайт­пас­ұлына күрестен әлем чемпионы болғаны үшін «Қазақ халқының батыры» атағын берген.

1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсеткен. Бірақ, Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін жасының келіп қалғанына қарамастан, цирк-шапито ұйымдастырады. Сөйтіп, қазақ ауылдарын аралайды. Сондай думанның бірінде палуан атамыз жерге жатып, кеудесіне қойдырған тақтай үстімен адамдарға лық толы жүк машинасын өткізген. Осылайша, төрт жылдың ішінде атамыз 100 мың рубль жинап, қорғаныс қорына аудартқан. Бұл ақшаға самолет жасатуды сұраған, сол самолеттің бүйіріне «Амангелді Иманов» деп жаздыртқан. Сөйтіп, атамыз қос қанатты машинаны жас ұшқыш Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыс етеді. Ұшқыш Шалабаев онымен Прибалтика және Ленинград майдандарында соғысып, 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындаған. Соғысты аман-сау аяқтап, 1945 жылы 24 маусымда әскери әуе күштерімен бірге Мәскеудегі жеңіс шеруіне қатысқан.

Енді біз палуан атамыздың ұрпағы туралы деректерге көшейік. Ол кісінің төрт әйелі болыпты. Осы төрт әйелден төрт ұл, үш қыз туады. Бірінші әйелі, цирк артисі Надежда Чеповская атамызбен некелескеннен кейін ислам дінін қабылдап, Фатима деген есім алған. Одан палуанның Халиолла атты ұлы бар. Ал, Ғабдолланы балалар үйінен асырап алады. 1925 жылы пал­уан Ырысты Тыныбайқызына үйленеді. Одан үш қыз туады. Атамыз 1938 жылы Мінәйімге, 1946 жылы Айшагүлге үйленген. Мінәйімнен Айдархан, ал, отыз жас кіші соңғы әйелінен Жанәділ өмірге келген. Ол кезде Қажымұқан 76 жаста екен. Жанәділ бауырымыз Шымкентте спорт мектебінің директоры болып қызмет етті. Атаның немересі Шаттық Қажымұқанов каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шеберін атағын алған. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. Бақытжан Қажымұқанов атты тағы бір немересі – белгілі композитор, «Жас қанат», «Азия дауысы» конкурстарының жүлдегері болған.

Халқымыздың даңқты ұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1948 жылы қазіргі Түркістан облысының Бөген ауданындағы «Ленин туы» колхозында қайтыс болған. «Қазақ халқының батыры» атағын иеленген алып тұлға – күллі қазақтың ортақ перзенті. Оның асқақ бейнесі біздің ұрпақтарымызға қайсарлық пен намыстың биік үлгісі болып қала бермек.

Дегенде, туғанына 150 жыл толып отырған бабамыздың табаны тиген жерлерге қызықты саяхаттар жасау, біздің қолымызға тимеген ордендерін іздестіріп, музейіне әкелу, палуанның кино, драматургия, бейнелеу өнеріндегі бейнесін аша түсу жағы әлі де кемшін жатыр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз