Су – тауар емес, өмірлік ресурс

599

0

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейіл­бек  Нұрымбетовтің айтуынша, дария­дағы су жағдайы жоғарыдағы су қой­маларына байланысты. Оның ішінде бірінші кезекте тікелей әсер ететін ең үлкен су қоймасы – «Тоқтағұл».  Жалпы сыйымдылығы 19,5 млрд текше метр болатын  қоймада қазір 10,1 млрд текше метр су бар. Өткен жылы 13,1 млрд текше метр болған еді.

Биыл жауын-шашынның, қар суының аз болуы әсер етіп тұр. Қырғыз ағайындар жаз айларында «Тоқтағұлға» су жинап, қыс айларында энергия өндіруге пайдаланады. Қазір ол жақтан секундына 600 текше метр көлемінде су түсіп жатыр. Ертең күн жылып, энергияға сұраныс аз болғаннан кейін олар су тастауды азайтып, қысқы энергетикалық режим үшін су жинауды қайта бастайды. Сондықтан жаз айларында олар су жіберіп тұру үшін біздің Үкімет оларға көмір немесе мазут  секілді энергия өндіруге қажетті тауарларды босатуға келісім жүргізуде. Одан кейінгі «Қайраққұм» су қоймасы толып тұрғандықтан транзиттік қыз­мет атқарып, яғни келген суды тө­мен жіберіп тұр.

– Бірақ біз үшін өткір мәселе – «Қайраққұмнан» «Шардараға» дейінгі аралықта дариядан судың көп алынып жатқаны. Өзбек ағайындар мақталық алқаптарын шайып жатыр. Оның үстіне осы аумақтарда жауын-шашын және қардың еруімен табиғи түрде қосылатын су жылғалары да азайған. Болжам бойынша осы кезеңде «Шардараға» секундына 900-950 текше метр су түседі деп есептелсе, қазір 450-500 текше метр ғана. Сондықтан келген суды бірінші кезекте «Шардара» мен «Көксарайға» жинап жатырмыз. Сәуірге дейін екі су қоймасында 7-7,2 млрд текше метр көлемінде су жинақтап, биылғы егінге пайдаланамыз деген жоспар бар, – деді инспекция басшысы

«ҚазСуШар» РМК облыстық филиал мәліметі бойынша облыс аумағына секундына 250 текше метр су кіруде. Жаңақорған ауданында 7 ақпаннан бері  мұз жүру процесі басталса, қазір Шиелі ауданында да қозғалыс бар. Облыс бойынша Сырдария өзеніндегі мұздың орташа қалыңдығы 20-50 см аралығын құрап отыр. Сең жүру процесі күнделікті, кейбір жағдайда сағат сайын жергілікті атқарушы органдарға хабарланады. Барлық өндірістік учаскелерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, Сырдария өзені бойынша мониторинг жүргізілуде.

Филиал тарапынан Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша елді мекендерді су басу қаупін болдырмау іс-шаралары бекітілген. Қауіпті  учаскелерде инертті материалдар (бау қамыс, қарабура, қадалар) дайындалған. Су шаруашылығы нысандарын пайдалану Ережесіне сәйкес «Қызылорда», «Қазалы», «Ақлақ» су тораптарының барлық қақпақтары ашық және транзиттік режимде. Су тораптарында тәулік бойы филиалдың диспетчерлері жұмыс істейді, олар сағат сайын ақпаратпен қамтамасыз етеді. «Әйтек» су торабындағы жөндеу жұмыстарына сәйкес Қараөзек арнасына 150 текше метрге дейін су тасталатын болады.

Көп су келеді деген қауіп жоқ, дегенмен, сең қозғалған уақытта оқыс жағдайлар болып қалуы ықтимал. Соған байланысты облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы да сақтыққа сай еңбекке көшкен. Облыс аумағында  56 қауіпті  аумақ белгіленіп, оған 130 жауапты мекеме бекітілген. Олардағы арнайы техника 402 бірлікті және 1178 адам күшін құрайды. 68,6 тонна жанар-жағармай, 154 590 дана қап және басқа да материалдар қоры қалыптастырылған. Қызылорда қа­ласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 84 эвакуациялық жи­нақтау, 103 қабылдау пункт­і және «Қазавиақұтқару» акцио­нерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес, 1 тікұшақ да­йын­дыққа келтірілген. Мұз жару жұмыстарына қаржы бөлініп, арнайы мамандандырылған мекемемен келісім-шарт жасалған.

Дегенде, қазір Сырдария өзені арнасындағы жағдай тұрақты. Ал өткен жылы су тапшылығын сезінген аграршылар биыл кү­ріш егістігінің көлемін 5,1 мың гек­тарға азайтады. Есесіне дәнді да­қылдардың өзге түрлерінің көлемі арт­тырылмақ. Сырдария өзені ар­қылы түсетін судың 70%-ке жуығы қыс айларында келетіндігі ес­ке­ріле отырып, сол суды тиімді жинау үшін қоймалар салу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Гүлшара ­Әбдіқа­лықова халық алдындағы есепті кезде­суінде биыл «Қара­өзек» және «Күміс­кеткен» су қой­­маларының жо­балау құжат­та­ма­лары аяқталған соң, құрылысы бас­талатынын мәлімдеді. Ал бүгінгі күні «Қызыл­орда» мен «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жү­йесін жетілдіру жұмыстары қарқын алуда. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі – тіршілік нәрін тиімді пайдаланудағы батыл бастамалар.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<