Көптен күткен «көгілдір отын»

436

0

Биыл Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімі 5 млрд теңгеге өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге өсті. Ал, өңдеу өнеркәсібі 3,9 млрд теңгеге орындалып, 2,2 есеге артқан. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпті дамытуға 1 млрд 557,8 млн теңгеге 126 жоба қаржыландырылып, 171 адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Асылбек Шәменов баяндады.

– «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 21 жоба 253,4 млн теңгеге қаржыландырылып, проценттік мөлшерлемесі бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. Оның ішінде 11 жоба 99,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілді. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында 36 жоба 146,7 млн теңгеге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыс­тық филиалының жеке қаражаты есебінен 3 жоба 47,6 млн теңгеге қаржыландырылған. Бұдан бөлек, «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі арқылы 25 жоба, «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 12 жоба қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба егін егу жұмыстарын жүргізуге бағытталды, – деді аудан әкімі.

Жалағаш ауданының негізгі  тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнімнің жалпы шығарылымы 2 млрд 809 млн теңгеге орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,8 процентті құрады. Жыл басынан бері ауданнан 3568,5 тонна күріш экспортқа шығарылды. Айта кетейік, биылғы су тапшылығына орай, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін жаздық бидай, жүгері, арпа, мақсары, жаңа жоңышқа сияқты малазықтық дақылдар орналастырылды. Қазіргі уақытта шаруашылық құрылымдары егінді сумен қамтамасыз ету үшін 53 дана әртүрлі қуаттағы су тартқыш насос қондырғыларын іске қосып, күрішті суға бастыру бағытында  жұмыстар жүргізілуде. 

Арал ауданында орын алған қуаң­шы­лыққа байланыс­ты аймақтағы барлық шар­уа­­шылықтар, ерік­тілер тобы көмекке жұмыл­ғаны белгілі. Бұл игілікті іске жала­ғаштықтар да белсенділікпен үлес қосты. Нәтижесінде, Арал, Қазалы аудандары шаруа­шы­лықтарына 7,5 мың тонна мал азығы жеткізілді.

Ауданда инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы саласы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылған. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 168 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, Жалағаш кентінің өсу динамикасына сәйкес «Ақтерек» тұрғын үй салу аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жоба-сметалық құжаттар дайындауға облыстық бюджеттен 63,8 млн теңге қаржы бөлінді.

Биыл ауданда жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – Жалағаш кентін газдандыру. Жалпы құны 3 млрд 691 млн теңгені құрайтын жоба үш жыл бойы атқарылып, биыл толық пайдалануға берілді. Бүгінде 295 тұрғын үйге газ желісі тартылып, одан 65 үйге «көгілдір отын» берілді. Алдағы уақытта ауылдарды орталықтандырылған газ желісімен қамтамасыз ету қолға алынады. Қазір Ақсу елді мекенін газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 9,2 млн теңге қаржы бөлінді. Сол сияқты, автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендердегі электр желілерін дамыту бағытындағы жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Білім беру ұйымдарының инфра­құры­лы­мын дамыту әрдайым басты назарда. Биыл Таң және Есет батыр ауылдарындағы орта мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында Жалағаш кентінен құны 420 млн теңгені құрайтын 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі. Айта кетейік, аудан бойынша биыл 321 бітірушінің 295-і (91,9%) ұлттық бірыңғай тестке қатысып, орташа көрсеткіш 83,1 %-ті құрады.

Өткен жылы халыққа ең қажетті нысан­дардың бірі – 100 төсектік ауру­хана пайдалануға берілді.  Заманауи құрыл­ғылармен жабдықталған жаңа  аурухананың ашылуы көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді деген  болжам бар. Бұдан бөлек, Таң ауылынан жаңадан дәрігерлік емхана салынса, Есет батыр және Мырзабай ахун ауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылысын салу жоспарланып отыр.

Аудан әкімінің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында ауданда 8,5 мың жұмыс орны құрылған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,7 есеге өсіп, 2,4 мыңға жеткен. Аудан тұрғындары таза ауызсумен түгелдей қамтамасыз етілген. Әлеуметтік салада 15 медициналық ұйым және 5 мектеп, 23 балабақша, 29 спорттық кешен мен алаң пайдалануға берілген.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<