Корей генералының сүйегі отанына қайтарылды

319

0

Газетіміздің өткен санында жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысының батыры болған генерал Хон Бом До туралы жариялаған едік. Өткен демалыс күндері Сыр еліне жұмыс сапарымен батырдың сүйегін туған жеріне алып кету және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлескен жобаларды талқылау мақсатында Корея Республикасынан ресми делегация келді.

Кореяның патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль бастаған делегацияны облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушысы Бектас Нуридинов және облыстық корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Елена Ким күтіп алды.

Шетелдік делегация құрамында Корея Республикасының Қазақ­стан­дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының Төрағасы У Вон Шик, актёр Чо Вон Джун және басқа да сала қызметкерлері бар.

Салтанатты іс-шарадан кейін шетелдік қонақтар мен облыс басшылығы «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне жол жүрді. Онда генерал Хон Бом Доның сүйегін Корей тарапына табыс­тау рәсімі өтті. Ресми шарада екі мемлекеттің Гимні орындалып, Хон Бом До рухына арналған екі елдің гүл шоқтары қойылды. Мұнан соң Хон Бом До атындағы қордың төрағасы У Вон Шик генералдың өнегелі өмір жолы туралы айтты.

– Хон Бом До 1868 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Корей патриоты, жапон басқыншыларына қарсы қарулы күресті бастаушылардың бірі. 1907 жылы Капсана ауданында аңшылардан партизандар отрядын құрды. 1918-1922 жылдары өткен Кеңес Қиыр Шығыстағы Азамат соғысына қатысты. 1919 жылдан бастап Маньчжурияда жапон колонизаторларына қарсы әрекет еткен «Тәуелсіздік армиясының» көрнекті ұйымдастырушысы болды. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп, 1937 жылы Қызылорда қаласына күштеп жер аударылды. Өмірінің соңғы жылдары Хон Бом До Қызылордадағы корей театрында күзетші болып жұмыс істеді. 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында 75 жасында қайтыс болды, – деді ол.

Іс-шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұлт- азаттық көтеріліс батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне қайтару екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайта түсетінін айтты.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығында Сыр елінде көптеген игі шаралар атқары­луда. Мемлекетаралық деңгейдегі шаралар да көрініс табуда. Осы ретте, біздің республикамыздың тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған елдердің бірі – Корей мемлекетімен достық байланыс нық орнығып, ұлттық мүдде тоғысқан ізгі істер қолға алынғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Мун Чже Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы сауалына қатысты оң шешім қабылдады. Ел басына күн туғанда қазақ халқы корейлерді құшақ жая қарсы алып, бауырына тартып, қол ұшын берді. Соның арқасында Қазақстанға жер аударылған корейлер аман қалып, бүгінгі күні тәуелсіз елімізді дамы­туға зор үлес қосуда. Қазақ хал­қында «достықта шекара жоқ» деген жақсы сөз бар. Қазақстан және Корей мемлекеттерінің ара­сындағы ынтымақ пен достық қарым-қатынастың мықтылығы да осындай ұлы тұлғаларымен байланысты болмақ, – деді аймақ басшысы.

Мұнан соң Корея Республи­касының патриоттар мен арда­герлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль генерал Хон Бом До­ның ерлігіне тоқталып, қа­зақ елі­не көрсетілген құрмет үшін ал­­ғысын жеткізді. Сонымен қа­тар, «Қазақстан корейлер Ассо­циа­циясы» қоғамдық бір­­лес­­­ті­гі­нің жетекшісі Сергей Огайға, Қы­зыл­орда облысының Корей этно-мә­дени бірлестігінің төр­айымы Елена Кимге Алғыс хат табыстады.

Келесі күні делегация генерал Хон Бом Доның сүйегін еліне жерлеу үшін табытын алып кетті. Арнайы шарада облыс басшылығы мәртебелі меймандарға құрметін білдірді.

Бұл ретте Корея Респуб­ликасының өкілдері Сыр жұрты­ның қаһарман тұлғаға деген ерекше құрметі үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптес­тікті, достықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып, алғысын жеткізді.

Шарада Қазақстан Республика­сының сарбаздары Хон Бом Доның сүйегін Корея Республикасының сарбаздарына табыс етті. Іс-ша­раға қатысушылар Хон Бом До­ның құрметіне қоштасу рәсі­мін жасап, бас иді. Сондай-ақ, жер­гілікті корей халқының рәсімі бойынша еске алу шарасынан кейін Хон Бом До қабіріндегі сүйек қалдықтарын Қазақ­стандық құр­мет қарауылының қатысуы­мен ресми шығарып салу рәсімін өткізді.

Мұнан кейін облыстық мекемелер үйінде облыс басшылығы Корея Республикасы делегациясы өкілдерімен кездесті. Кездесуде қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімі Корея делегациясының сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың айқын көрсеткіші екенін айтып, табысты және жемісті жобалар жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

– Бүгінгі кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлының 2021 жылғы 17 та­мыздағы Корея Республикасына мемлекеттік сапарымен тіке­лей байланысты. Президенттің мем­лекеттік сапары аясында генерал Хон Бом Доның сүйегін табыстау рәсімі өтетін болады. Бұл сапар екі ел арасындағы эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық, туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға оң ықпал жасайды деп сенеміз. Сондай-ақ, Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығын мерекелеу қар­саңын­­да тарихи сипатқа ие болады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазақстан мен Корея Республикасы 1992 жылдан бастап дипломатиялық қарым-қатынаста. Жүргізілген талдау нәтижелері Корей елінен негізінен авто­көліктер, медициналық құрал-жаб­дықтар, косметикалық тау­арлар импортталатынын байқат­ты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында ынтымақтастық бағы­тында бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан Сыр елінің бренді саналатын күріш дақылын суды үнемдеп өсіру үшін озық технологиялар, тамшылатып суару технологияларын қолдану, білім, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстар айтылды.

Аймақ басшысы Қызылорда облысының әкімдігі инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта екі жақты тиімді байланыс орнатуға мүдделі екенін тілге тиек етті.

Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль екіжақты ынтымақтастықты орнатуда Корея мемлекеті тарапынан қолдау көрсетілетінін айтып, кездесу үшін алғыс білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<