Күре жолдағы «Керуен»

214

0

Қармақшы ауданында жаңа нысан ашылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан «Керуен» кешені жолаушыларға қызмет көрсетуді бастап кетті. Кешенді кәсіпкер Ғалымжан Кенжебаев «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ашқан.

Төретам кентіне жақын орналасқан «С» санатындағы кешен ішінде барлығы қарастырылған. Дүкен мен асхана, қонақ үй мен көлік тұрағы бар. Бұған қосымша ірі жүк көліктерін жөндейтін орын да жұмыс істеп тұр.

– Корпорация тарапынан түрлі саладағы кәсіпкерлік нысандарын ашуға қолдау көп. Соның бірі – осы «Керуен» кешені. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жеке кәсіпкерге 48 млн 490 мың теңге қаржылай қолдау көрсетті. Бұл қаржы жол бойындағы сервистік қызметті ұйымдастыруға қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Жобаның артық­шы­лығы – жүк көліктеріне техни­ка­­лық қызмет көрсету мүмкін­ді­гінде. Мұнда жүк көлігінің жүр­­гізу­шілерімен қатар, жеңіл авто­­көліктер мен осы жолмен өте­тін автобустардың жолаушыла­ры­на қызмет көрсетеді, – дейді «Бай­қоңыр «ӘКК» АҚ жобалар­ды тал­дау және іске асыру басқар­ма­сы­ның басшысы Жеңісбек Ахметов.

Бүгінде 11 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған кәсіпкер өз қалтасынан қосымша 51 млн теңгеден астам қаржы шығарған. Жалпы сомасы 99 млн теңгені құрайтын жобаны иесі әлі де үлкейтпекші.

– Бір мезгілде 60 адамға дейін қабылдайтын қонақ үй, вулканизация, автокөлік жуу, техникалық қызмет көрсетумен қатар, асхана тағамдарының сапасына дейін мән береміз. Орталықты «А» санатына өткізген жағдайда қызметкерлер саны да өседі. Әрі жергілікті жердің тұрғындарын ғана жұмысқа қабылдаймыз. Екіншіден, кәсіпкерлікке қолдау жағынан жергілікті орындар ерекше атсалысты. Әсіресе, корпорация тарапынан құжаттарды реттеу, кеңес беруде еш кедергі жоқ, – дейді кәсіпкер.

Айта кетсек, Қармақшы ауданы арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының 151 ша­қырымы өтеді. Осы аралықта 10 түрлі санаттағы жол бойы қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде биыл қосылған жаңа кешендер – «Керуен» мен «Маргарита» сервистік орталығы да бар. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеровтың айтуынша, мұндай нысандар өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізіп отыр.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<