Мәжілісте үш мәселе қаралды

495

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде  Конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту туралы мәселелер қаралды.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин биыл облыс бойынша Конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы саналатын кенелер көбейген ауылдар саны артып кеткенін айтты. Қазір облыста мұндай 113 елді мекен бар. Осыған байланысты биыл 567 мыңнан астам мал басы мен жалпы көлемі 2 млн шаршы метрді құрайтын қора, суат-шаңылақтарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жүргізу жоспарланған еді. Қазір Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында аталған жұмыстар толығымен аяқталған. Ал Қармақшы ауданында екінші кезең жүргізілуде. Облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан Қазалы, Арал аудандарында оның бірінші кезеңі жалғасуда. Көктем туғалы облыста Конго-қырым геморрагиялық қызбасы нақтыланған жағдайы бойынша шұғыл түрде қосымша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Өңірде жыл басынан бері 3 адамнан осы ауру нақтыланған. Науқастардың екеуі Шиелі ауданының, біреуі – Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің тұрғыны. Қазір олардың екеуі толығымен жазылып шықса, біреуі қажетті ем қабылдауда.

 – Бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Көктем-күз айларында залалсыздандыру жұмыстары уақы­тылы әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері залалсыздандыру шараларын сапалы жүргізілуіне назар аударуы қажет. Осы мақсатта елді мекендердегі мал қоралар мен оның сыртқы аймақтарының механикалық тазалануын қатаң бақылауға алынғаны жөн. Сондай-ақ, тұрғындар арасында өз иелігіндегі мал басын кенеден жеке қорғау шараларын ұйымдастыру жөнінде түсіндірме шараларын атқарғаны жөн, – деді облыс әкімі.

Ал, облыстық санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау департаментіне тиісті сала басшыларымен бірлесіп, аталған індеттің алдын алу бойынша профилактикалық шаралардың тиімді әдісін ұсынғаны артық емес. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауды ұйым­дастыру ойластырылады.

Мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.

Өңірде бұл жұмыстар Президент Жолдауында және  «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арналған» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мін­дет­тер мен тапсырмалар аясын­да бекі­тілген жоспарға сәйкес орын­далуда.

Облыс әкімі білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген индикаторлар мен көр­сеткіштердің мерзімінде орын­далуын қамтамасыз етіп, жазғы мау­сымда балалардың  тынығуы мен сауықтырылуын сапалы ұйымдастыру қажет. Жазғы уақытта балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды бақылауға алыңыздар. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы білім басқармасымен бірлесіп, салаға қосымша қажетті қаржы көлемін қайта пысықтап, тиісті ұсыныстар енгізсін. Бюджет есебінен салынып жатқан мектеп құрылыстарының мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Жергілікті қамтуды дамыту туралы облыстық индустриялық-инно­вациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндама жасады.

Өңірде цемент зауыты, кірпіш зауыттары, темірбетон, асфальт-битум бұйымдарын, әк, полиэтилен құбырларын, желім, әртүрлі фрак­циядағы қиыршық тасты өндіретін кәсіпорындар жұмыс жасайды. Аймақ басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы-2021» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына тауарларды сатып алудың жергілікті қамту үлесін 90%-ке дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар, бюджет қаражатына іске асатын жобалардың сметалық құжаттамаларына сәйкес отандық құрылыс материалдарын нақты сатып алуға мониторинг жүргізілу қажет екенін айтты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<