Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл егу бағдарламасы қабылданады

796

0

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Арал теңізінің құрғаған табанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған табанының көлемі 4,6 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң шығып мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.

«Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекетттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Сондықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық экологиялық қор көмегімен Аралдың құрғаған табанында 195 мың гектардан аса жер сексеуіл отырғызылды. Осындай жұмысты Өзбекстан да жүргізіп жатыр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі экологиялық апат салдарымен күрестің маңыздылығы жөнінде айтты.

«Арал дағдарысы» – Арал теңізі маңында өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізіп отырған адамзат тарихындағы аса іріэкологиялық зардаптардың бірі екені баршамызға аян. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді.Теңіздің құрғаған ұлтанында тұздың ұшуын тоқтату және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында, соңғы 29 жылда теңіз ұлтанының Қазақстандық бөлігінде 195 мың га сексеуіл және басқа да галафитті (шөлейтті жерге бейімделген) өсімдіктер көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Бұл екпелер қазір табиғи өсіп көбеюде», – деді әкім.
Министр Арал маңының экологиялық тұрақты дамуына ықпал жасау үшін биыл «Арал маңының экологиялық бағдарланған аймақтық дамуы» атты аймақтық жоба басталғанын атап өтті. Оған Германияның экономикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 млн еуро қаржы бөлген. Жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Қарақалпақстанда, Өзбекстанның Хорезм облысында және Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.

«Арал табанындағы құрғаған жерлерді ормандандыру үшін Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасы аясында біз 2025 жылға дейін 213 мың гектарға аумаққа сексеуіл егуді жоспарладық. Бүгін фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысып, 1 мың гектарға 1,8 млн көшет отырғызылғанын байқап отырмыз. Ағаш егу жұмысы күзде жалғасады. Жылдамдықты арттырамыз»,- деп ескерту жасады министр.
Арал ауданындағы сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев жергілікті ғалымдармен және тұрғындармен кездесіп, өңірдегі түйткілді проблемалар мен экология мәселелеріне қатысты ұсыныстарын тыңдады. Ғалымдар өз кезегінде Аралдың экологиялық проблемаларын шешу жұмыстарына атсалысуға дайын екендерін жеткізді.

«Алдағы уақытта Арал табанында сексеуіл отырғызудың арнайы бағдарламасы қабылданады. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен осы жұмыс аясында тәжірибе алмасу шаралары жалғасады. Ғалымдармен бірлескен экспедиция ұйымдастырылады», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<