Лаваш өндіруді қолға алған алғашқы кәсіпкер

862

0

Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны – Ақманар Жұманазар лаваш өндіруді қолға алған алғашқы кәсіпкер. Ол Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша білім алған. Оқуын тәмамдаған соң Алматы қаласындағы қазақ тағамтану академиясында үш жарым жылға жуық уақыт жұмыс істеді.

– Студент шағымда білімімді жетілдіру әрі тәжірибе алмасу үшін Арменияға барғаным бар. Сол жақта сүт және ұн өнімдерінен дайындалатын тағамдар туралы толығырақ зерттедім. Өздеріңіз білесіздер, көпшілік шаурма, сэндвич, донер, яғни жеңіл дайындалатын тағамдарға құмар. Түскі үзілісте де көбінесе фасфудқа қарай жүгіреді. Бұл жеңіл әрі тез дайындалатын тағамдар өтімді деген сөз. Сондықтан мен лаваш дайындауды таңдадым, – дейді ол.

Бүгінде Ақманар үйінің жанынан шағын цех ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттен 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды. Қаражатына қамыр илейтін, жаятын, пісіретін құралдарын түгендеді.

– 2019 жылы қолдан 30 лаваш дайындап, аудандағы фасфуд дайындайтын орындарға көрсеттім. Ұнап жатса, тапсырыс аламын деген оймен. Содан кенттегі «Дәмді» асхана желісіне он данасын беріп едім, тұрақты келісімшартқа отыратынын айтты. Бірақ келісім бойынша күніне 500 дана әкеп отыруымды сұрады. Мен бір күннің ішінде 350 дана ғана дайындап үлгердім. Ал қазір аппараттың көмегімен 500 дана лавашты 5 сағатта дайындай аламын. Мемлекеттен ұтып алған грантым маған үлкен көмек болды, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпкердің екі «Дөнер» орталығы бар. Тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Өзі секілді жастарды да тұрақты жұмыспен қамтыды. Ол алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытпақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<