Асыраушы сала алға озып келеді

682

0

Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды салалардың бірі. Өйткені халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуде дәл осы саланың рөлі орасан зор. Қазақстандықтардың 40 проценттен астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аталған сектор дамуының мемлекет назарында болуы заңды. Сыр өңірінде де асыраушы сала жыл санап алға озуда. Оған осы бағыттағы оң көрсеткіштер дәлел.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, был­тыр 140,9 млрд теңгенің өнімі өн­дірілді. Бұл алдыңғы жылғыдан 2%-ке артық. Негізгі қорға 13,6 млрд теңге немесе 2019 жылғыдан 2,1 есе көп инвестиция тартылды. Егіс алқаптарын әртараптандыру бағы­тында игі бастамалар қолға алынды. Оның ішінде майлы және мал азығы түріндегі дақылдарға, мал жеміне арналған егістік көлемін кеңейту мә­селесіне мән берілуде. Мысалы, 184,2 мың гектар егін алқабының 70 гектарына алғаш рет қант құмайы, 240 гектарына соя, 1 667 гектарына жүгері орналастырылды. Ылғал сақ­тағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар тәлімдік аумаққа күздік бидай егілді. Шаруашылық құрылымдары дақыл егу және оны жинап алу жұмысын мерзімінде агротехникалық талаптарға сай жүр­гізді. Күзгі орақ науқаны кезінде диқандар 551273 тонна Сыр салысын қамбаға құйды.


Мемлекеттік қолдаудың арқасын­да тұқым сапасы артып келеді. Өт­кен жылы 89 492 гектарға 100% жоғары репродукциялы күріш тұқы­мы себілді. Соның 12%-і – отандық сорттар. Кейінгі жылдары Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының ға­лымдары шы­ғарған «АйКерім» мен «Сыр сұ­луы» да сұраныста. Сынақтан өт­кен сорттар бүгінде селекциялық жетіс­тіктер тізімінде. Олар былтыр 1156 гектар жерге орналастырылды. 2021 жылдың күріш егісіне 22244 тонна тұқым дайын. Бұл қажеттіліктен 1144 тоннаға артық.


Статистикадан мал басының артқанын аңғару қиын емес. Ал мал шаруашылығын дамытудың тиімді тетігі «Сыбаға» бағдарламасы болып тұр. Ол – ауылда мал өсіріп отырған, оның басын көбейтем деушілерге жасалған зор мүмкіндік. Бағдарлама шаруашылықтардағы, жеке мал иелеріндегі жергілікті мал тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы ірі қараның ет өнімділігін арттыруды, қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді. «Сыбаға» арқылы 2020 жылы 1000 бас ірі қара, 40 мың бас қой сатып алу, 10 мың бас бұқашықты мал бордақылау алаңдарына өткізу жоспарланды. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.
Сыр өңірінде өндірілетін көптеген өнім 17 мемлекетке экспортталып келеді. Оның 90,3 проценті – күріш. Есепті кезеңде 86,2 мың тонна негізгі дақыл шет елге жөнелтілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 121,6%. Былтыр Қызылордадан алғаш рет Германияға 685,3 тонна қамыс, Өзбекстанға 136 тонна бидай ұны жөнелтілді. Сондай-ақ, Қытай мен Ауғанстанға 391,5 тонна мақсары майы жіберілді. Ресейліктердің қа­уын-қарбызымызды алдыруы да экс­порт деңгейін көтеріп отыр. Бұдан бөлек, Өзбекстанға 30 бас түйе жөнелтілді.
Әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының өсу индексі жөнінен облыс өзге өңірлер арасында төмен­гі үштікте. Баға тұрақтылығын қамта­масыз ету мақсатында облыстық бюд­жеттен 2020 жылы 1234,4 млн теңге бөлініп, одан 834,5 млн тұрақ­тандыру қорына өнім сатып алуға, 399,4 млн теңге кәсіпкерлік субъек­тілеріне қарыз беруге бағытталды. Бүгінгі күні облыстың тұрақтандыру қорында 2085,2 тонна өнім бар. Сауда орындарында азық-түлік қоры жеткілікті, тапшылық байқалмайды.


Экономиканы алға бастайтын секторды дамыту бойынша атқарыл­ған шаралар аз емес. Алайда, ха­лықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жүзеге асырылар іс әлі же­тер­лік. Өйткені асыраушы сала жақсы дамымайынша мемлекеттің ілгерілеуі қиын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<