Белестерге бастайтын бағдарлама

742

0

«Nur Otan» партиясы әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды шаралар қамтылған және бұл партия қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Осы орайда Жалағаш ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған.

Жалағаш ауданы бойынша Жол картасы 7 бағытты қамтитын 87 іс-шарадан тұрады. Жыл басынан бері оның шеңберінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың негізі екені белгілі. Биыл 259 жоба 2,5 млрд теңгеге қаржыландырылып, 312 адам жұмыспен қамтылды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар және жеке сектор арқылы 9 айда 7,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 82,1% артық орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 2,1 есеге өсіп, 5,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Аса маңызды мәселенің бірі – халықты таза ауызсу болса, тұрғындар толығымен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Жалағаш кенті, Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің өсу динамикасына сәйкес ауызсу желісін кеңейту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Алдағы жылға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге жобалар мақұлданып тұр.

Аудан көлемінде республикалық маңызы бар 50, облыстық маңызы бар 91 шақырым автомобиль жолының жағдайы қанағаттанарлық. 21,4 шақырым жол жөндеуді қажет етеді. Биыл аудандық маңызы бар автомобиль жолының 21,7 шақырымына 614 млн теңгеге, елді мекендердің ішкі жолдарының 12,9 шақырымына 551,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

2019 жылы Аққыр және Жаңадария, былтыр Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап, биыл Бұқарбай батыр елді мекенінің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға  берілді. Сондай-ақ, биыл  «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 137,5 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған саланы дамыту жөніндегі жоспарда 422 млн теңгеге Есет батыр, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Мақпалкөл, Ақсу елді мекендерінің тозығы жеткен электр желілері мен құрылғыларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Биыл Жол картасы аясында жүзеге асқан әлеуметтік жобалардың бірі – халық көптен күткен Жалағаш кентін газдандыру жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар «көгілдір отын» пайдалана бастады. Жобаның жалпы құны 3 млрд 691 млн теңгені құраған. Бүгінгі күнге Жалағаш кентіндегі тұрғын үйлердің 48 пайызы газ желісіне қосылды. Әлеуметтік нысандардан №202 орта мектептің және орталық аурухана орталықтандырылған газ пайдалануда.

Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту басты назарда. Ауданда апатты жағдайдағы мектеп мәселесі шешілген. Биыл Таң ауылындағы орта мектеп ғимаратына 333,1 млн теңгеге, Есет батыр ауылындағы орта мектептің ескі ғимаратына 367,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама қолдауымен («Ауыл – ел бесігі») Жалағаш кентінен құны 431,4 млн теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау – үнемі қолдауды және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет ететін сала. Таң ауылынан жаңадан дәрігерлік емхана құрылысы салынуда. Есет батыр және Мырзабай ахун ауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылысын салу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ аудан бойынша коронавирус инфекциясына қарсы екпе алуға жататын азаматтар түгелімен вакциналанды.

Жол картасы аясында жерлесіміз Қайыржан Құлтекеновтың жеке қаражаты есебінен Жалағаш кентінде құны 307 млн теңгені құрайтын жабық бассейн кешені салынып, пайдалануға берілді. Кешенде 19 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, үйірмеге 100-ге жуық бала қатысып, күніне 30 адамға дейін ақылы қызмет көрсетуде. Аудан орталығынан демеушілік қаражат есебінен спорт және ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Аудандық бюджеттен бөлінген 14 млн теңгеге 3 шағын спорт алаңы салынды. Жалағаш кентінде жалпы құны 471 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 217,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылы нысан пайдалануға беріледі. Жыл аяғына дейін кент орталығынан «Айбар-Ш» ЖШС демеушілігі есебінен балаларға арналған стритбол алаңы салынып, аудан тұрғындарының игілігіне асады.Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде Жалағаш кентінде құны 58,3 млн теңгені құрайтын Рәміздер аллеясы салынып, мереке қарсаңында пайдалануға беріледі.

Алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына қарышты қадам жасалып, партияның сайлауалды бағдарламасы аудан халқының қолдауымен жүзеге асырыла беретін болады. 

Асылбек ШӘМЕНОВ,

«Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалының төрағасы,

аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<