Ескіні өткізсең, өтемақы аласың

742

0

11 қаңтардан бастап елімізде пайдалануға жарамсыз көліктерді утилизацияға қабылдау бағдарламасы қайта іске қосылды. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын  қабылдау квотасының мөлшері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Аталған бағдарлама аясында жыл соңына дейін қабылдау бекеттері 1 900 трактор мен 480 комбайнды қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның 11 аймағында екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Осы ретте аймақтағы ескі көліктерді қабылдау бекетіне барып, ондағы жұмыс барысын көзбен көріп қайттық.

Көп уақыт өте қоймаса да үлкен алаңда көліктің түр-түрі жиналған. Арасынан кейінгі жылдары шыққан шағын автобустарды да, 1953 жылғы көліктерді де көруге болады. Біз барған сәтте көліктерді престеу жұмыстары жүріп жатты. Өткен жылы еліміз бойынша 40 мың көлік қабылданған. Соның 1599-ын  Қызылорда облысы өткізген.

– Он күннің ішінде 130-дан аса көлік келді. Оларға төленетін өтемақы әртүрлі. Биыл АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты толық жиынтықтағы ескі көлікті тапсырғандарға берілетін ақшалай өтемақы ұлғайды. Мәселен, толық емес жиынтықтағы жеңіл көліктерге 157 мың теңге төленсе,  толық жиынтыққа 210 мың теңге беріледі. М2 санатындағы толық жиынтықтағы көліктерге (жолаушы тасымалдауға арналған, 8-ден астам отыратын орны бар көлік) 420 мың, толық емеске 367 мың төленеді. Күнделікті 20-25 көлік қабылданады. Қазір ауылшаруашылық  техникасы келуде. Бұл ретте толық жиынтықтағы ком­байн­ға 2 млн теңгелік жеңіл­дік сер­тификаты беріледі. Ал то­лық емес жиынтықтағы ком­байн­ға қарастырылған сертификат құны – 1,5 млн теңге. Сон­дай-ақ толық жиынтыққа жата­тын тракторлар үшін жеңіл­дік сер­ти­фикатының мөлшері – 1 млн теңге. Толық емес жиын­тықтағы машиналарға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі. Жеңіл­­дік сертификатын Қазақ­станда құрастырылған кез кел­ген санаттағы көлікті сатып алу үшін қолдануға болады. Сонымен қатар екі сертификатты біріктіруге және оны басқа адамның атына тір­кеуге (2 реттен артық емес) мүм­кіндік бар. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға дейін жарамды, – деді “AutoRecycling” ЖШС Қызылорда өңірлік филиалының менеджері Әлімжан Мақанқалиев.

Биыл агротехниканы өт­кізу­ші­лерге ыңғайлы болу үшін recycle.kz сай­тында алдын ала өтінімді қарай­­тын жүйе ен­гі­зілген. Сол арқылы көлік тапсыру­шы техникасын электронды түрде кезекке қоя алады. Ол үшін ауыл шаруашылығы тех­ни­касы­ның иесі арнайы элект­рон­ды үлгіні толтыруы тиіс.

– Тағы бір ескеретін жайт, утилизацияға өткен көліктердің бөлшектері пайдалануға берілмейді. Сондай-ақ, өзге елдің көліктері қабылданбайды.  Көлік тапсырушы міндетті түрде машинаның құжатын толық дайындап, тіркеуден шығарып, салығын төлеп әкелуі тиіс. Қабылдау бекетіне келген көліктер нығыздаудан өткен соң Қарағанды қаласындағы металды қайта өңдеу зауытына жіберелетін болады, – деді менеджер ендігі бір сөзінде.

Жалпы тозығы жеткен аграрлық тех­ни­каны қайта өңдеуге қабыл­дау бағдарламасы еліміз­дегі ес­кірген ауыл шаруашы­лы­ғы техникасын жаңартуға мүм­кіндік беріп қана қоймай, эко­логиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынта­ландыруға және қайта өңдеу жүйесін құруға ықпал етеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Фото.Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз