Мал азығы жеткілікті

604

0

Биыл облыс бойынша 188,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 83,6 мың гектар. Аудандарда егілген 6,8 мың гектар күздік бидайдан 9,4 мың тонна өнім жиналды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайратбек Сәрсенбаев егін жинау науқанының қорытындысы мен қысқы мал азығын даярлау жөніндегі жұмыстар жайын баяндады.

– Су тапшылығына байланысты күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,9 мың гектарға азайтылды. Ал көкөніс және бақша дақылдарының көлемі 9,8 мың гектарға дейін артып, егіс көлемі 3,9 мың гектарға көбейді. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу үшін 62,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштар, 72,2 мың литр гербицидтер сатып алынды. Сонымен бірге, жаздық бидайдан 4,4 мың тонна өнім жиналды. Жалпы күзгі егін жинау науқаны оңтайлы мерзімде жүргізіліп, толық аяқталды, – деді Қ.Сәрсенбаев.

Аймақта мал басы тұрақты өсіп келеді. Сондай-ақ, төрт түліктен өндірілген өнім көлемі де артуда. Жыл ішінде 534,7 мың бас малға 769,9 мың тонна ірі азық дайындау жоспарланған болатын. Қазір қажетті мал азығы 109,8 пайызды құрады.

– Мал басы өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Атап айтсақ, ірі қара 8,2 пайызға, қой мен ешкі 6,5 пайызға, жылқы 14,2 пайызға, түйе 8,1 пайызға көбейді. Тиісінше, ет өндірісі 2,4 пайыз, сүт өнімдері 2,3, жұмыртқа 3,1 пайызға артты. Арал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты қыстайтын төрт түлікті мал азығымен қамтамасыз ету үшін аудандық штабтар құрылды. Облыс бойынша қуаңшылық зардабын жоюдың және қыстайтын ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөп қорымен қамтамасыз етудің арнайы жоспары бекітілді. Малға 213,6 мың тонна азық қажет болса соның 80,9 пайызы қамтылды. Жауапты министрлікке мал азығын дайындауға қосымша 3,8 мың тонна дизель отынына тапсырыс беріліп, аудандар бойынша шаруашылықтар бөлінісіндегі кесте дайындалды. Бүгінде өңірге 3443,5 тоннасы алынып, шаруашылықтарға 2298 тоннасы жөнелтілді, – деді хабарламашы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<