Межеге жеткізетін мақсат

763

0

«Nur Otan» партиясы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды істер атқарып келеді. Осы мақсатты көздеген партия алдағы бес жылда әрбір облыс, қала, ауданды дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша «Жол карталарын» бекітті. Қазір осы құжаттың іске асырылуы қатаң қадағалануда.

Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Қазалы ауданы бойынша Жол картасы 7 бағытты қамтитын 114 іс-шарадан тұрады. Жыл басынан бері оның шеңберінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бүгінде ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту, оның ішінде саудаға қарағанда өнім өндіру бағытында жұмысты жандандыру  алдағы негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл басынан бері 8 кәсіпкерлік жоба іске қосылса, 3 кәсіпкерлік жобаның қуаттылығы кеңейтілді.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Биыл ауданның 40 отбасын жер учаскесімен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 79 отбасыға жер берілді.

Баспана мәселесін шешу үшін де көптеген жобалар қолға алынды. Жол картасында биылға 48 пәтерді пайдалануға беру межеленіп, ол  толығымен орындалды. Сонымен қатар, жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 млн теңге қаржы қаралды. Бұған жыл соңына дейін көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осыған орай, Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдарындағы тұрғын үйлерді сервистік ауызсу желісіне қосу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында биыл Қазалы қаласын газбен жабдықтау жұмысын толығымен аяқтау жоспарланды. Бүгінгі күні 52 шақырым газ құбыры жүргізілді. Бас мердігер бекіткен кестеге сәйкес құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарды жөндеу бойынша 64 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, елді мекенішілік 33 көше жөнделуде. Әйтеке би кентінен жалпы ұзындығы 34,3 шақырым болатын 12 көше, Қазалы қаласынан 8,2 шақырым болатын 10 көшеге жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдық елді мекендегі ұзындығы 8,6 шақырым болатын 11 көше жөндеуден өтуде. Қазір жалпы ұзындығы 23,1 шақырым болатын 21 көшенің жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауданның жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 80,3 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Экологиялық мәселелерді жоюдың бір алғышарты – өңірімізді көгалдандыру. Осы орайда биыл ауданда 68317 түп ағаш отырғызу көзделді. Елді мекендердің айналасында қосымша 1 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, барлығын қоса алғанда 248 мың көшет отырғызылды.

Бұқаралық спорт үшін жағдай жасау мақсатында Әйтеке би кентінің «Достық» шағын ауданындағы, №165 мектебі аумағындағы спорт алаңдарының құрылысы басталды. Одан бөлек, Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан мен Жалдыбай жырау көшелерінің қиылысындағы спорттық ойын алаңының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Кәсіпкерлерді қолдау, өмір сүру жағдайын жақсарту, таза ауызсумен және орталықтандырылған газбен, интернетпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасау және тағы басқа бағыттар бойынша нысанды көрсеткіштер жүзеге асуда.

Алдағы жылы да «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Жолдарды күрделі, орташа жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 902 млн теңге қаржы қарастыру жоспарлануда.

Партияның сайлауалды бағдарламасы халыққа қажетті нақты жобалардан құралған. Сондықтан біз индикаторларды уақытында сапалы орындау арқылы елдің әлеуетін көтеруге, әр тұрғынның өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыс жасайтын боламыз. Біздің негізгі міндетіміз – сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылар сенімін ақтау.

Мұхтар ОРАЗБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<