Нұрталаптың оң талабы

641

0

Бүгінде қолынан іс келетін жастардың басым бөлігі кәсіпке бет бұрды. Тың жобасын ұсынып, мемлекет тарапынан жеңілдікке қол жеткізуде. Тиімді мүмкіндікті пайдаланып, өз алдына бизнес бастағандардың қатары артып келеді. Бірі қайтарымсыз грант алса, енді бірі кәсібін одан әрі дамыту үшін жеңілдетілген несиені кәдеге жаратуда.

Жақында Арал қаласының тұрғыны Нұрталап Нұрханұлы «Puro Gusto» жеке кофеханасын ашты. Мұндай кәсіп иесін бариста деп атайды, яғни, кофе дайындайтын адам. Үлкен қалаларда сауда үйлерінен адам арылмайды емес пе? Арал ­сияқты шағын қалада бұл кәсіп қанат жая алар ма екен? «Кез келген кәсіпте тәуекелге бел бумасаң жетістікке жету қиын» деген ол әр қателігінен сабақ ала отырып тәуекелге бекінген.

Кәсіпкер 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-бастау» жобасына қатысты. Курс оқып, сертификат иемденді. Ұсынған жобасы қолдау тауып, мемлекеттің 505 мың теңге қайтарымсыз грантын ұтып алды. Жалпы жоба құны 800 мың теңге.

– Ақтөбе қаласында оқып жүргенде кофе сататын орында жұмыс жасадым. Байқағаным, адамдар кофені тынығып, бой сергіту үшін ішеді. Сұраныс бар. Оқуымды аяқтағаннан кейін, туған жерге оралдым. Кофе сататын орын ашуды ойластырдым. Аралда мұндай орын болмады. Көп іздендім. Бірінші кәсіпкерлік білімімді жетілдірдім. Қаражатқа қол жеткізгеннен кейін, қажетті құрал-жабдықтарды ­түгендедім, – дейді ол.

Нұрталаптың кофеханасы «Арзан» сауда орталығында орналасқан. Сауда жасауға келгендер кофе сататын орынға бас сұқпай өтпейді. Мұнда клиентке жағдай жасалған. Бір бұрышта кітап сөресі бар. Келушілерге кофенің 7-8 түрі ұсынылады. Бұдан бөлек, салқын судың 7, шайдың 3 түрі бар. Балмұздақ кофесі де арнайы дайындалады. Тәтті тіскебасарлар да жұртшылықтың көңілінен шыққан.

– Кофе аппаратын Алматы қаласынан алдырдым. Ал, кофе өнімдері Орынбордан жеткізіледі. Алдын ала тапсырыс беріп қоямын. Жалпы, бір қарағанда бариста кәсібін кез келген адам игере алатын ­сияқты көрінеді. Бірақ, бұл – қате пікір. Кофенің ондаған түрін қалай жасау керектігін біліп қана қоймай, өзіндік рецептерін ажырата алу шарт, – дейді Нұрталап.

Жас кәсіпкер 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсібін жандандыру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<