Отандық өнімнің орны бөлек

719

0

жергілікті кәсіпкерлердің жұмысы ширай түсті

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында отандық өнім өндіру, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өндеу саласын дамыту мәселелері сарапқа салынды.

Аймақ басшысы алдымен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесімен танысты. Онда облыста өндіріліп жатқан қауын қытырлақтары, жаңтақ балы, балмұздақ, шұжық, макарон өнімдері, кір сабын және өзге де өнім түрлері келушілер назарын аударды.

Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесуінде өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарының тиімді іске асырылуына белсенділік танытып, жергілікті жаңа әрі сапалы өнім шығарып жатқан іскер азаматтарға алғыс білдірді.

– Қазір облыста бұрын-соңды өндірілмеген балмұздақ, жантақ балы, шұжық, макарон өнімдері, шоколад, қауын қытырлақтары, сиыр, жылқы, қой еті, қарақұмық және күріш ботқасы консервілері сияқты халыққа қажетті тауарлар шығарылып, олардың халыққа қолжетімділігі арта түсті. Өнімнің кейбір түрлері бойынша облыстың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі ұлғайды. Нақты айтқанда, макарон өнімдері 3,8-ден 5,0, шұжық өнімдері 0,3-тен 3,1, кондитерлік өнімдер 2,1-ден 2,5%-ке дейін өсті.

Өз тарапымыздан кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасау қарастырылуда. Ірі жобалармен қатар шағын және орта бизнестің де жобаларын іске асыруға бағытталған «Байқоңыр»  аймақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметін толығымен қайта құрдық. Сәйкестендіру сертификаттары мен қажетті рұқсат құжатын алу бойынша жобаларға сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 5 жылға ұзартылды. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мақсатында біз «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 2%-пен несиелендіру бағдарламасын іске қостық.  Басты мәселе – сапалы жергілікті өнім шығарып, жаңа өндірістерді ашу. Сіздерді осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Бұрын Қызылорда облысын тек мұнай мен күріш арқылы таныса, енді жаңа өнімдерді шығаруды қолға алайық, – деді облыс әкімі.

Кездесуде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов бизнесті дамытудағы жұмыстар барысын баяндады. Атап айтқанда, биыл шағын кәсіпкерлікті қолдауға 34,6 млрд теңге бағытталып, 3 мыңнан аса жоба жүзеге асырылды. Өткен жылмен салыстырғанда қолдау көрсетілген жобалардың саны 2,4, ал несие портфелі 1,8 есеге артты. Басқарма басшысы бағдарламаға қатысушылар санының артуына несиелендіру шартының жеңілдетілуі және кейбір банктер іске қосқан «скоринг» құралы оң ықпалын тигізгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнесті несиелендіру бағытында облыста 7 банктің филиалы жұмыс жасаса, биыл олардың қатары облыста «Альфа Банк» филиалының ашылуымен толықты.

Аталған салаға көрсетілген жан-жақты қолдаудың нәтижесінде 2020 жылы облыста тіркелген кәсіпкерлердің саны 4,3, белсенді кәсіпкерлердің саны 5,1%-ке артқан. Облысымыз көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша республика көлемінде алғашқы орынға шықты.

Сондай-ақ, кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Облыс басшысы ұсыныстарды саралай келе, қажетті жұмыстарды жүргізу үшін тиісті тапсырмалар берілетінін айтты.

Биыл кәсіпкерлер палатасы өз ісін жүргізуге ниетті 3575 азаматқа бағыт-бағдар көрсетіп, 9 мыңнан астам кеңес берген. Ал 930 кәсіпкерге қызмет көрсетіп, бухгалтерлік және салықтық есептілігін тапсырды, бизнес-жоспар әзірледі. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жоспарланған 2500 азаматтың орнына 2793 азамат дәріс алған. Олардың 68%-і түрлі қаржы ұйымдары арқылы несие негізінде кәсібін бастап кетті. «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы еліміз бойынша ең соңғы тіркелген қаржы институты болса да, қазір қаржыландыру бойынша 15 облыстың арасында 7-орынға шықты. Бүгінгі күнге дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 63 адам 218 млн теңге несие алған.

Кездесуде жергілікті кәсіпкерлер атынан «ЛТД КАУ» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жансая Әлсейітова, «Қызылорда Сельхозпродукт» ЖШС директоры Константин Ким, «Сыздық ата» ЖШС директоры Ғабит Дүйсебаев ой бөлісті, алдағы мүмкіндіктер жайын ортаға салды.

Бірқатар кәсіпкерлер өңір дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<