Табандылық – табыс кілті

1317

0

Қазір көпшіліктің отандық өнімге көзқарасы өзгерген. Сауда сөрелерінде орналасқан тауардың «Қазақстанда жасалған» деген таңбасына қарайды. Құрамына, қайда шығарылғанына зер салады. Бұрын шетелден келетін тауарларды таласа алатын жұрт енді елден шығатын өнімді қолдауда. Неге? Өйткені сапасына сенім бар. «Арай» шұжық цехының да өнімі көпшіліктің сұранысына ие.


Цех 2015 жылы іске қосылған. Қажетті құрал-жабдығын Германиядан тап­сырыспен алдырған. Құны – 40 млн теңге. Онда етті тартатын, турайтын, араластыратын, ар­найы қалыпқа келтіретін, сыртқы қабын орайтын аппарат және пеш бар. Бастапқыда нысанды жалға алып, 2017 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 30 млн теңге жеңілдетілген несиені 10 процентпен ие­ленді. Қосымша тағы 70 млн теңге қаражат салып, ғимарат тұрғызды. Онда кә­сіпті өркендетуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Цех­та 20 түрлі шұжық да­йындалады. Оның 15-і тауық етінен болса, 5-і сиыр, жылқы етінен. Шұжықты жергілікті ірі сауда орындары алады. Одан бөлек аудан, ауылдарға да жөнелтіледі. Айына 8-10 тонна шұжық саудаланады. Ең арзан шұжықтың бағасы келісіне 810 теңгеден басталса, қымбаты – 3800 теңге. Кәсіп­кер жылқы, сиыр етін қаладағы «Ақбарыс» алаңынан ала­ды. Ал, құс етін Жамбыл облысында орналасқан «Әу­лиеата Фенекс» және Алматы қаласындағы «Алел Агро» ЖШС құс фабрикасынан жеткізеді. Қазір цехта 15 адам еңбек етеді. Жағдайы жасалған, айлығы тұрақты. Цех директоры Сәкен Құламетов шаруасын қалай аяққа тұрғыз­ғанын айтып берді.


– Басында қиын­шылықтар болды. Тек шыдай білу керек. Шұжық цехы іске қосылғанда 40-тан астам адам жұмыс істеді. Бастапқыда қарызға сұрайтындар көбейді. Оларға сеніп, тауарды қарызға бердім. Бірақ ісім тұралап қалды. Себебі, ақшасы уақытылы жиналмады. Істің бұлай жал­ғаса беруі жұмы­сымызға кедергі келтірді. Кейін нақты қаражатқа, тапсырыспен жұ­мыс жасадық. Біршама уақыт іркіліс те болды. Бірақ қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолын іздедім. Тал­пынсаң тірлік оңалар дегендей, жұмысымыз жүрді. Қазір, шүкір тапсырыс аясын кеңейтіп келеміз. Өнімнің сапасына мін жоқ. Халал. Сауда орындарына арзан бағада өткізудеміз, – дейді ол.


Қай кәсіптің де баста­масында қиындық болары заңдылық. Әсіресе, маман тап­шылығы алдымыздан шы­ғып жатады. Сондықтан болар жаңа кәсіп игерсек, өзге облыстан, тіпті шетелден маман ша­қыратынымыз. Кәсіпкердің ай­туынша алғашқы кездері тех­нолог маман таппаған. Құрал-жабдық бар. Бірақ тілін білетін маман жоқ. Өзге өңірден технолог шақыртып, екі адамды оқытқан. Бүгін­де олар өз жұмыстарын жауап­кершілікпен атқарады. Солар­дың бірі – технолог Бекболат Серікбайұлы.


– Етті тураудан бастап, соңғы этапқа дейін техника атқарады. Біз бақылап, тиісті жұмысты жүргіземіз. Ап­па­ратта шұжық қапталып, екі жерінен түйіледі. Арнайы ілгек жібі салынады. Кейін пешке жіберіліп, онда шұ­жықтың түріне қарай ыс­талады. Дайын болған өнім арнайы қоймаға жіберіледі. Онда бір тәулік тұрады. Содан кейін барып, дүкендерге тара­тылады, – дейді ол.


Шұжықтың түрі көп. Мәселен, жартылай ыстал­ғанының құрамы жоғары сұрыпты сиыр еті, құс еті және табиғи дәмдеуіш қоспалардан тұрады. Ал, «Черева» жар­тылай ысталған шұжығына 100 процент жоғары сұрыпты сиыр еті, құс еті және табиғи дәмдеуіш қоспалар қосылған. «Астана», «Мусульманская» пісірілген шұжықтары да 100 процент жоғары сұрыпты сиыр еті, құс еті мен дәм­деуіштерден жасалады.
Цех ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан Мархабат Қалыбаеваның негізгі ісі – сатушы. Жергілікті өнімнің кең таралуына ықпал етеді. Шұжық түрлері, құрамы жа­йында жазылған кітапшаны алып, ірі, шағын дүкендерді аралап, өнімді таныстырады. Тапсырыс қабылдайды. Дайын өнімді тұтынушыға арнайы көлікпен жеткізіп береді. Сонымен қатар 2018 жылы цех жанынан дүкен ашылды. Онда кәсіпкер өнімін төмен бағада ұсынады.
Цех басшысы алдағы жоспарлары жөнінде де бөлісті.


– Біршама жаңа жоба бар. Ең алдымен өнімді өзге өңірлерге шығарып, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан қойма ашсақ деймін. Сонымен қатар жергілікті әлеуметтік дүкендермен келісімге келіп, арзан бағада өткізуді көздеп отырмын. Бұл бағытта тиісті сала мамандарымен бірлесіп жұмыс істеу керек, – дейді С.Құламетов.


Шұжықтың сыртқы жап­сырмасы Тараз қаласында басылады. Түрлі-түсті, сапалы жапсырмалар тұтыну­шы­лар­дың талабына сай безен­дірілген. Ал, құрамына қосы­латын дәмдеуіштерді Алматы, Тараз қаласынан тасымал­дайды. Ерекше дәмдеуіш қоспалар Германия, Швеция елінен келеді.
Отандық өнімнің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкердің тауары талай азық-түлік көрмелеріне қойылды. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қаласында өткен ауылшаруашылығы жәр­мең­кесіне қатысып, халықтан оң бағасын алды. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақса­тында ұйымдастырылған ша­ра­ларда озаттар қата­рынан көрінуде.


Кәсіпкер шаруасын одан әрі дамыту үшін тағы да жеңілдікпен несие алып, игі­лігін пайдаға асыруды көздейді. Сонымен қатар ірі сауда орталықтарының бір бұрышын өзімізден шығып жатқан отандық өнімдерге арнаса деген ұсынысы да бар. Бір жағынан тауар өтсе, екінші жағынан халық білер еді. Құптарлық ой. Тек қолдау тапса игі.

Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<