Тіл – ұлттың жаны

608

0

Тілмемлекеттің тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Сондықтан ана тілінің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін жоғарылату күн тәртібінен түскен емес.

Осыған дейін тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланып келді. Ал 2018 жылдан бастап қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек болып өзгертілді. Оның  өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Асыл азаматты ардақтау арқылы туған тілге деген құрметімізді, ал тіліміздің мерейін көтеру арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өлшеусіз еңбегін дәріптейміз, өскелең ұрпаққа насихаттаймыз.

«Тілдерді оқыту орталығы» КММ директорының орынбасары Айдана Маханбеттің айтуынша, 2021 жылға жоспарланған үш тіл бойынша оқыту курсымен қамтылатын  тыңдаушы саны 2520 болса, соның 1421-і мемлекеттік тіл, ағылшын және орыс тілі курстарынан өтіпті. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала және ерікті тыңдаушылар бар. Айталық, мемлекеттік тілдің курсынан 638, ағылшын тілінен 438, орыс тілі курсынан 300 адам өткен. Демек, мемлекеттік тілді үйренушілер қатарымен бірге шетел тілін мең­геруге деген сұраныс артып отыр. Жергілікті халықтың 97 проценті қазақ ұлтынан екенін ескерсек, біздегі өзге ұлт өкілдерінің өзі мемлекеттік тілде жап-жақсы сөйлейтінін күнде көз көріп жүр. Тағы деректерге жүгінейік. Мәселен, жыл басынан бері 33 өзге этнос өкілі мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті болған. Мұнан өзге де жыл басынан өткізілген 77 іс-шараның ұйытқысы болған орталықтың әлі де атқарар міндеттері бар. Ол әрине, жыл сайын жалғасын таба бермек.

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Бұл ретте туған тілімізде сөйлеу ең әуелі ана сүтімен беріліп, оның іргетасы отбасы мен балабақшадан қаланатынын ескерсек, онан бері де тіл мамандарына артылар міндеттің салмағы  басым.

Қызылорда қаласындағы С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ләззат Есіркепова кешегі Президент Жолдауында  тіл мәртебесіне байланысты айтылған мәселенің өзекті екенін жеткізеді.

–    Мемлекет басшысы «қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ» деді. Бүгінде күнделікті іс-тәжірибеде көріп жүргеніміздей, қазақ тілі білім мен ғылымның тіліне айналуда. Ата Заң бойынша бір ғана мемлекеттік тіл бар және ол қазақ тілі екенін тағы бір шегелеп айтты. Бұл ана тіліміздің беделін арттырып, қолдану аясын одан әрі кеңейтетініне сенемін. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі. Алайда, туған тілімізді шұбарлап сөйлей­тіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез келді. Кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі қынжылтады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» – деп ашына айтқаны ойға оралады. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қалай қадірлесек, өз ана тілімізді де қастерлеуді, аялауды қолға алайық, – дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі» деген сөзі елін сүйетін, халқын құрметтейтін, ұлтын ұлықтайтын әрбір жанның есінде болуы тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын жырлағандай, ең әуелі құрмет өз тілімізден бастау алса, құба-құп.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<