Жаңа жобалар жүзеге асады

460

0

Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында алдағы уақытта көптеген жаңашыл жобалар жүзеге асатын болады. Бұл егін және мал шаруашылығы, азықтүлік бағасын тұрақтандыру бағытында қолға алынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, нақты тапсырмалар берді. Басты міндет – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

– Осы орайда біздің облыста да атқарылатын жұмыс аз емес, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. – Өңірде күріш, қызанақ, қияр, нан және тұз секілді өнімдермен жергілікті тұрғындарды толық қамтамасыз ете аламыз. Картоп, сәбіз және жылқы етінің 60 процентке жуығын өзімізде өндіруге мүмкіндік бар. Қырыққабат, пияз, сиыр еті, қызылша, бұрыш, қой еті, балық бойынша ол 20-60 процентті шамалайды. Дегенмен, құс еті, жұмыртқа, бидай ұны, макарон, сүт, айран, сары май, өсімдік майы, қантты сырттан тасымалдауға мәжбүрміз.

Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында аймақта алдағы 5 жылда 56,1 млрд теңгені құрайтын 42 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Айта кетерлігі, облыста мал азы­ғын дайындау үшін оған қажетті дақылдар көлемін 70 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды тиісті жайылымдық, шабындық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында елді мекен аумағындағы барлық жерге түгендеу жүргізіледі. Қазір жеке қосалқы шаруашылықтарға жер беруді заңдастыру бағытында жұмыс­тар басталып кетті.

Өңірде егінді әртараптандыруға мән беріліп отыр. Бұл ретте майлы, малазықтық, картоп және көкөніс, бақша дақылдарының көлемін ұлғаймақ.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<