Қайырым жасау – қадірлі іс

680

0

Тәуелсіздігімізбен бірге ана тіліміз, ата дәстүріміз қайта оралып, дініміз бен діліміз де еркіндік алған еді. Айталық, өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы орайда Қазақстан діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел руханиятының ежелгі құндылықтары сақталған Сыр еліне сапарлап келді.


Қаладағы, қабырғасы қалан­ғанына бір жарым ғасырға жуық­таған Айтбай мешітінде болған Бас мүфти және басқарманың облыстағы өкілдері мешіттегі жұмыс кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты. Ғимараттың құрылысы өткен жылы басталып, биыл пайда­лануға беріліп отыр. Мұн­да дәрісхана, кеңсе, аударма бөлімдері жұмыс жасайды.


Қасиетті ораза айының қар­саңында жүзеге асырылған тағы бір жағымды жаңалық – об­лыс орталығындағы “Ақмешіт – Сырдария” мешітінде респуб­ли­ка­лық “HALYQ ARNA” теле­арнасының облы­стағы филиалы “TANYM – MEDIA” студиясы ашылды. Зама­науи құрылғылармен жаб­дық­талған студияда діни тақы­рыптағы сұхбаттар жүргізіп, видео-аудиоуағыздар жазуға, мон­таждауға болады. Жаңа студияның лентасын қиған шара қонақтары, бұл орталықтың заман талабына сай, ел игілігіне қызмет ететініне сенім артты.

Сонымен қатар, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауыл имамдарымен кездесіп, қазіргі сын кезеңде қолданыстағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес көпшілікпен қалай жұмыс жүргізу қажеттігі жайында пікірлесіп, бас­қарма тарапынан қабылданып отыр­ған шаралардан хабардар етті. Сондай-ақ, жеті аудан бо­йын­ша өз жұмыстарын зор жауап­­кершілікпен атқарып келе­тін бір-бір ауыл мешіттерінің имам­дарына 100 мың теңгеден сыйақы табыс етті.

Одан соң “Саяхат” шағын ауданында бой көтерген 350 адамға арналған “Хазірет Әбу Бәкір” мешітінің ашылу салтанатына қатысты.


Осы сапарында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жалағаш ауданында 900 орындық “Иманқұл ата” мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. “Ел үлесі – пәтерге” республикалық жобасы аясында аудан кәсіпкерлерінің демеуімен Жалағаш ауда­нындағы 3 көпбалалы отба­сына пәтер кілті табысталды. Бұ­дан бөлек, “Көшпелі керуен” акциясы бойынша қасиетті ораза айының қарсаңында жүз мұқтаж отба­сына азық-түлік қоржындары берілді.

Айта кетейік, Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына орай Қа­зақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 30 көпбалалы мұқтаж отбасына пәтер беру жоспарланып отыр.


ҚМДБ өкілдері облыстағы рухани-танымдық және жалпы тәрбие бағытындағы бірқатар ша­раларға қатысты.

Ғазиза Әбілдә

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<