Қармақшыда жедел штаб отырысы өтті

348

0

Кеше Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, сақтық шараларын күшейтуге қатысты жедел штаб отырысын өткізді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы сөзді аудандық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Г. Төлепбергенова алып, ауданымыздағы қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты хабарлама жасады.

Штаб отырысында аудан басшысы індетпен күресті күшейту бағытында атқарылған жұмыстарды саралады.

– Соңғы кезеңде аудан көлемінде эпидемиологиялық жағдай күрделенген. Жыл басынан бері 55 жағдай тіркеліп, инфекцияның жұқтыру қаупі жоғарылаған.

Тиісті сала басшылары өз кезегінде қатаң шараларды қабылдап, жылдам әрекет ету қажет.

Тұрғындар тарапынан індетпен күресте сақтық шараларын қатаң сақтауды және санитарлық талаптарды ескерту бағытында түсіндірмелік жұмыстар қарқынды жүргізілуі керек,-деді аудан әкімі М. Қалдарбеков.

Жиында аудан әкімі емханалар мен ауруханада карантиндік шараларды қатаң сақтауды, емханада екі айлық дәрі – дәрмек қорының болуын қамтамасыз етуді, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан ауру ошағы анықталған жағдайда шұғыл әрекет ету жұмыстарын ұйымдастыруды және мектептер мен балабақшаларда сақтандыру жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жедел штаб отырысын қорытындылаған аудан  басшысы сауда орындарына, мейрамханаларға көпшілік жиналатын орындарға мониторингтік және мобилдік топтар тарапынан күнделікті күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды ұйымдастыру күшейтуді, рейдтік жұмыстарды жүргізу кезінде облыстық бас санитар қаулысының талаптары бұзылған жағдайда заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.

Сонымен қатар Рамазан айында көпшіліктің басы қосылатын ауызашар кезінде сақтық шараларын қатаң түрде бақылауға алу қажеттігін тапсырды.

Жиын соңында мониторингтік топ мүшелері тиісті хабарламашылар қозғаған мәселелер туралы  ұсыныс – пікірлерін ортаға салды.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<