Қармақшылық кітапханашылар кеңесі өтті

417

0

24 қазан – кітапханашылар үшін айтулы мереке. Кітапхана –  рухани құндылық, теңдессіз байлық, өйткені, өткен заман өрнектеріндей тарих да, әдебиет те, басқа да ғылым кереметтері осы кітапхана қорынан табылады. Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы ретінде кітапхана ешқашан мәні мен маңызын жойған емес.

Кітапханашылар өздерінің күнделікті тыңғылықты еңбегімен шектеусіз ақпаратқа, әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарына, адамзаттың даналығы мен біліміне қолжетімділікті қамтып қоймай, оқырмандарды білімге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеп, мәдени дәстүрлерді сақтауға және дамытуға үлес қосуда.

Аталған мерекеге орай 26-шы қазан күні Қармақшы аудандық кітапханасының ұйымдастырумен «Coworking» орталығында «Медиасауаттылық және ақпараттық гигиена» атты аудан кітапханашыларымен бірлескен зерделі кеңес болып өтті. Кеңес мақсаты – жалпы қоғамда адамдарды медиасауаттылыққа үйрету, ақпаратты дұрыс іздеу және ажырата білу.

Кеңесті Қармақшы аудандық кітапхана директоры Күлшара Қаниева ашып беріп, ары қарай әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Жанәділова жүргізді. Жиын барысында аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлжанат Дүзенованың «Сөйлеу мәдениеті» атты курсына қатысқан кітапхана қызметкерлері Г.Жанәділова, М.Жазықбаева және А.Әміралиева алған білімі туралы ақпаратпен бөлісті. Одан соң Кітапханашылар күніне орай ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы ұйымдыстырған «Жас кітапханашы – 2023: Жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты форумында болған балалар кітапханасының кітапханашысы Ж.Ұзақбаева форумнан алған әсері жайлы айтып берді.

Зерделі кеңес кітапханашылардың ой сергіту, тренинг ойындарымен жалғасты. Кеңес соңында кітапхана саласының ардагерлері мен бірқатар кітапханашыларды аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов мерекемен құттықтап, марапат тапсырды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл» мерекелік медалімен кітапхана саласының ардагерлері Б.Жанахаева, К.Тасболатова, Д.Әбдікешовалар марапатталды. Ал ҚР Ұлттық кітапханасының Алғыс хатымен оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Л.Сыздықова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Алғыс хатымен ІІІ Интернационал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Р.Тұрманова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасының Алғыс хатымен қалалық кітапхана меңгерушісі Б.Сармолдина, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Н.Жүсіпбекова, «Қазақстандағы салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қ.Далдабаева, кент кітапханасының кітапханашысы А.Сайлыбаева, облыстық кәсіподақтың Алғыс хатымен Иіркөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ж.Жанахаева және балалар кітапханасының кітапханашысы А.Әлмұратова марапатталды.

         Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<